Басты тақырып

Суицид – жауапсыздық салдары


Балалар суициді – адамзаттың ең ауыр қасіреті. Демек, бұл баланың отбасынан бастап, мектебі, достары арасынан өзінің орнын таба алмай, жаны жабырқап, дұрыс үйлесімде жетіле алмауының көрінісі болар? Сұрақ көп, жауап жоқ. Өмірге құштар бала бір сәтте-ақ неге бұл өмірмен қоштасып кете барды? Кінәлі кім? Бір жағдайда балаға жеткілікті көңіл бөлмеді деп ата-анаға кінә артса, бір жағдайда әлеуметтік желілердің әсері деп те айтылды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы жиырма жылдың ішінде 100 мыңнан аса қазақстандық өмір мен өлім шекарасын аттауға бел буған екен.
Психологтар өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі себебі – өмірден түңілу емес, керісінше, өмірін қию арқылы жанына батқан қиындықтан құтылудың бірден-бір жолы деп ойлауында деп түсіндіреді. Яғни, кез келген суицидтің астарында баланың жанайқайы жатыр. Ең алдымен, ата-анасына, мұғалімдеріне, достарына деген. Әрине, өмірге әбден бейімделген үлкендердің күнделікті күйбең тіршілікте баланың жан дүниесіне үңілу тұрмақ, бір ауыз тілдесуге де уақыт таппай қалатыны жасырын емес. Бұл – өз алдына. Баласы үшін қатты алаңдаушылық танытып, әр басқан қадамына бақылау жасаудың өзі баланың жан-жақты жетіліп, өмірге бейімделуіне кері әсерін тигізеді дейді тағы да мамандар. Олай болса, айдың-күнінің аманында төрт құбыласы тең жастың өз-өзіне қол салуының алдын алуға болатынын айтатын маман кеңесі ата-ана үшін маңызды болмақ. Осы орайда, Осакаров ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жас­өспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы. Оның қалай алдын алу керек?» тақырыбында конференция өтті. Шараның мақсаты – жасөспірімдер суициді бойынша ата-аналарға профилактикалық көмек көрсету.
Осакаров ауданының прокуратурасы, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, үкіметтік емес ұйым мүшелері, Аналар кеңесі, Ардагерлер кеңесі, жастар саясаты бөлімі, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, медицина қызметкерлері қатысқан жиынды Осакаров ауданы әкімінің орынбасары А.Шалабаева жүргізді.
– Бүгін біз өзекті мәселеге айналған балалар мен жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауын анықтау және оның алдын алу мақсатында жиналып отырмыз. Мамандар суицид оқиғасының жиілеуіне әлеуметтік жағдай, тиісті отбасылық және қоғамдық тәрбиенің жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, есірткі қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларының намысына тиетін әрекеттерге баруы, бақытсыз махаббат сияқты факторлар негіз болады, – деген Алма Қабыкенқызы осы бағыттағы тиісті іс-шараларды қайта қарастырып, қажетті жұмыстарды белсендіру қажеттігіне тоқталды.
Аудандағы 38 мектепте 4792 оқушы білім алады екен. Сондай-ақ, аудан төңірегінде екі балалар үйі де орналасқан. Осакаров ауданы ІІБ кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі бас инспекторы Нұргүл Рахметова 2016 жылдың шілде айында кәмелетке толмаған баланың өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелгенін мәлімдеді. Инспектордың айтуынша ата-аналар арасында суицидтің алдын алуға қатысты әр түрлі жиналыстар өткізіліп келеді екен. Оның ішінде, қырыққа тарта лекция, жиырмаға тарта анонимді сауалнама да өткізіліпті. 48 қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 92 бала да полиция назарында. Әр түрлі санат бойынша есепте тұрған 34 баламен де әр түрлі алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Шараға арнайы шақырылған Қарағанды облыстық балалар психиатриялық диспансерінің бас суицидиологы Светлана Вейсенбергтің баяндамасы ата-аналардың қызығушылығын тудырып, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына және оның алдын алуға қатысты біраз мәліметтер ұсынды.
– Отбасы – тірі ағза. Оның әр мүшесінің ағзаның дұрыс жұмыс жасауындағы ролі бірдей болуы керек. Бала кезден қалыптасатын өмірлік дағдылар ата-анадан беріледі. Өкініштісі, баласы үшін қатты алаңдаушылық танытып, өмірін сақтаймыз деп, өмір сүруге мүмкіндік бермейтін кездер көп. Бәрі отбасынан басталады. Осы жерде алғаш қадам басып, осы жерде өзгелермен қарым-қатынас жасауға үйренеді. Егер, жас­өспірім проблемасы шешілмесе, ол жасықтыққа, ұялшақтыққа әкеледі. Оған көз жұма қарау – балалардың өміріне немқұрайлық таныту. Бұл жағдайда үлкендердің жетістіктері туралы айту орынсыз, дейді бас суицидиолог.
Бала ата-анаға тәуелді. Жақсы тәрбие беру – парыз. Сондықтан, қолдан келгенше тәлімді тәрбие беруге мүдделі болуы керек олар. Бала көзінше келеңсіз сөз айтып, жаман әрекеттен аулақ болуға шақырды С.Вейсенберг.
Ал, Осакаров кентінің №9 гимназиясының информатика пәні мұғалімі Сергей Зубрин үйдегі интернет желілеріне бұғат қою, қауіпсіз интернетпен жұмыс жасауда ата-аналарға кеңес берді.
– Ең бастысы – баланың сырын ұғыну. Себебі, біз, ата-аналар оның жан-жақты дамуына әсер етеміз, нәтижесінде көрсеткен тәрбиеміз бен жасаған еңбегіміздің жемісін көреміз, деп конференцияны аяқтаған А.Шалабаева барлық қатысушыларды балалардың болашағы мен жарқын өмірінің белгісі ретіндегі бақыт шарларын аспанға ұшыруға шақырды.

ОСАКАРОВ ауданы.
Салтанат Ильяшова

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button