Суда жүзудің пайдасы
Жаз мезгілінде адамдар суға шомылуды ұнатқандықтан, оның денсаулыққа пайдасы туралы қызықты мәліметтерді назарларыңызға ұсынбақпыз.
Судағы адамның салмағы жеңілдейтіндіктен денеге көп күш түспейді де омыртқа жотасы созылады, бұлшық ет талшықтары ұзарады. Соның әсерінен адам тұлғасы сымбаттанып, қимыл-қозғалысы еркін де әсем көрінеді. Жүзу кезінде адам кеуде мен қарынға түсетін судың қысымын ішке терең дем тарту арқылы жеңеді, мұның өзі тыныс алу жүйелерін жетілдіріп, жұмысын жақсартады, оттегімен қамтамасыз етіп, өкпенің көлемін ұлғайтады.
Жүзумен жүйелі түрде шұғылданып жүрген адамның жүрек соғуы минутына 72-ден 48-50-ге дейін сирейді.
Омыртқаның қисаюы уақыт өте келе адам ағзасында көптеген дерттер туындатады. Ал, жүзген кезде дене бұлшық еттері қозғалысқа түсіп, омыртқа сүйектерін қалпына келтіріп, қан айналымын жақсартады. Ағзаның суыққа қарсы күресу қабілетін шыңдайды, баланың бойын өсіреді. Қысқасы, адамның иммунитеті де нығаяды, өзі де шынығады.
Маржан терген Жәлел ШАЛҚАР.