Жаңалықтар

Судағы қауіп сейілген жоқ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық есебіне сәйкес 5 пен 14 жас аралығындағы балалар өлімінің басты себебі су екен. Яғни, жүзу дағдысының жоқтығынан ажал құшады. Бала түгілі ересектер де қателікке бой алдырып жатады. Мұндай қайғылы оқиғалар жаздың ыстық күндерінде орын алады. Жаз мезгілінде адамдардың қауіпсіздігіне жауапты құтқарушы мамандар күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Күн райы ызғарланып, шомылу маусымы жабылды. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Роллан Есмағанбетов орталық коммуникациялар қызметінің алаңында арнайы брифинг өткізді.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Жаз айларында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жағалауларды күзетеді. Себебі, ескертулерді елемей, тыйым салынған аумақтарда шомылатын тұрғындар аз емес.

Облыстың су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылдың 12 сәуірінде аймақ басшысының «2024 жылғы шомылу маусымы кезеңінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» өкімі бекітілген еді. Сонымен қатар, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімінің басшылығымен жедел кеңестерде, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық комиссиялар отырыстарында талқыланады. Роллан Есмағанбетовтың айтуынша, тұрғындарды оқыс оқиғалардан сақтау мақсатында барлық шаралар атқарылған.

– Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері тұрақты түрде облыстың су айдындарына рейдтер мен патрульдер жүргізді. Рейд барысында азаматтарға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері бар жадынамалар табыстай отырып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Халықпен ауқымды профилактикалық жұмыс мамыр айынан бастады. Полиция департаменті бөлімшелерімен, жергілікті атқарушы органдар және еріктілер бірлесіп, облыстың су айдындарында 4000-нан астам рейд ұйымдастырды. 87 мыңға жуық жадынамалар табысталып, 50 мыңнан астам профилактикалық әңгіме айтылды. Сонымен қатар, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жазғы кезеңде департамент бөлімшелерімен қосымша 96 адам, 20 бірлік техника және 25 жүзу құралы мөлшерінде 10 мобильдік топ құрылды, – деді Роллан Есмағанбетов.

Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жеке тұлғаларға жалпы сомасы 814 мың 86 теңгені құрайтын 62 әкімшілік хаттама толтырыпты. Полиция қызметкерлері 430 айыппұл салған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп дейді мамандар (2023ж -26 әкімшілік хаттама).

Үгіт-насихат жұмыстары аясында жыл басынан бері 23 брифинг өткізіліп, теледидарда 71, радиохабарларда 274 рет ақпарат таратылған. Газеттер мен журналдарда жүзге жуық мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде адамдар мен балалардың қаза болуының негізгі себептері туралы 200-ден астам бейнероликтер көрсетіліпті.

– «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 240 акция, сауда үйлерінің дауыс зорайтқыштары арқылы қауіпсіздік ережелері туралы 1 жарым мың аудио хабарландыру жүргізілді. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тағы бір жолы, қауіпсіз демалыс орындарын ұйымдастыру болып табылады. Облысымызда 89 жаппай демалу және суда жүзу орны бекітілген. Соның ішінде, 5 коммуналдық және суда спортпен шұғылдану үшін 1 орын бар. Сонымен қатар, коммуналдық жағажайларды құру жоспарына сәйкес облыстың 12 елдімекенінде 19 қосымша жағажай құру жоспарланған. Биыл жоспар аясында Осакаров ауданының аумағында 3 коммуналдық жағажай құрылды. Айта кету керек, барлық коммуналдық жағажайлар қолдануға толықтай тегін. Тыйым салынған қауіпті учаскелерде 306 ескерту белгілері және адамдардың қаза болу фактілері, олардың себептері мен оқиғаға ықпал еткен мән-жайлар көрсетілген 70 көрнекі стендтер орнатылды, – деді Роллан Есмағанбетов.

Көңілі далаға елеңдеп тұратын балаларға судағы қауіпсіздік хақында ақпарат беру – құтқарушылар үшін маңызды міндеттің бірі. Департаменттің қызметкерлері облыстық білім басқармасымен бірлесіп, өңірдегі оқу орындарында 123 мыңға жуық оқушыны қамтитын 308 сынып сағатын, 212 ашық сабақ, 152 интерактивті сабақ және 74 практикалық сабақ өткізген. Мамандар балаларға жүзуді де үйретіп жатыр екен. Жыл басынан бері жауапты мамандар жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекеттесе отырып, 9023 балаға жүзуді үйреткен. 82 адам құтқарушыларға арналған даярлық курстардан өткен.

Тиісті шаралар атқарылғанымен, осы жазда судан ажал тапқандардың саны онға жетіпті. Үшеуі – жасөспірім. Қайғылы жағдайдың барлығы шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алған. Былтыр 12 адам көз жұмған. Биыл 8 адам құтқарылыпты.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button