Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығын қаржыландыру тәжірибесі шеңберінде Қарқаралы ауданында да «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы агроөнеркәсіп кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру басталды. Атап айтқанда, Нұркен Әбдіров ауылдық округіндегі «Атамекен» шаруа қожалығында биылғы жылы 292 гектар суармалы жер іске қосылған көрінеді.

Қарқаралы ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Айдын Жұмажановтың айтуынша, жобаның құны 330 миллион теңге екен. Биыл аталған шаруа қожалығы қосымша 160 гектар суармалы жерді іске қосуды жоспарлапты. Қазіргі таңға дейін жоғары кернеулі электр желісі тартылып, суару қондырғылары орнатылған. Яғни, жоба іске қосылған.
Әңгіме болып отырған «Атамекен» шаруа қожалығы 400 бас сиырды ұстауға арналған сүт-тауар фермасын құруды да қолға алыпты. Біртұтас кешенді жоба аясында инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету мақсатында ВЛ-35 кВ электр желісін салуға (электрмен жабдықтау, темірбетон желілерінің конструкциялары) бюджеттен 292,5 миллион теңге бөлу жөнінде облыстық үйлестіру кеңесінде мәселе қаралып, шешімін тапқаны қуанарлық жаңалық.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»