Ресми

Суармалы алқап: астық көлемі артады

Өңірімізде суармалы алқап өркен жайып келе жатыр. Бұл дегеніміз егістіктегі шаруалардың жұмысы ширап, қамба құнарлы астыққа қампайып жатыр деген сөз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға таман суармалы алқаптарды 2,2 миллион гектарға жеткізу туралы Үкіметке пәрмен берген еді. Қарағанды облысында осы жұмыстар бойынша ілгерілеу бар. Әсіресе, астықты Абай ауданындағы диқандар мемлекеттің демеуін сезініп, егістіктегі өнімдерін еселеп алып жатыр.

Абай ауданы

Аймақтағы суармалы жердің жалпы ауданы 89,7 мың гектар. Ал, оның 64,7 мыңы – ірілі-ұсақты ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілердің ие­лігінде. Яғни, 72,1 пайызы. Мұндағы көшелі көрсеткіште Абай ауданындағы шаруа иелерінің үлесі әжептәуір. Әсіресе, «Аскер KZ» ЖШС жетекшісі биыл астық көлемін үш есе өндіріп алмаққа үмітті. Құлайғыр ауылынан он алты шақырым қашықтықтағы алқабына, яғни, 150 гектар аумаққа арпа еккен. Бұл жерді ұзақ мерзімге жалға алған. Шаруашылығында 10 жұмыскер бар. Шаруа қыза түскен шақта, астық жинайтын уақытта жұмыскерлер саны елуге дейін барады. Барлығы Құлайғыр ауылының тұрғындары.

Шаруашылық жетекшісі Максим Велинский бұған дейін бір гектардан 7-10 центнер арпа жинаса, биыл суармалы алқаптан 30 центнер өнім аламын деп отыр. Мемлекет субсидиясының септігі тиген. Суармалы алқапты жабдықтау кезінде жұмсалған қаржының дәлме-дәл жартысын Үкімет төлеп берді. Инвестициялық жобаның игілігін көрген диқан келер жылы тағы 150 гектарды суармалы алқапқа айналдырмақ. Ол үшін аустрия­лық «BAUER» маркалы екі суару машинасы, сорғы станциясы және құбыр сатып алады. Суды шаруашылығына жақын орналасқан бөгеттерден тартамын деген жоспары бар. Жасыратыны жоқ, Кеңес өкіметі құлаған соң суармалы жерлердегі су құбырлары, ирригациялық желілер қирап қалғаны бар. Қазір сол бөгеттерді, тоғандарды, жалпы су келетін көздерді қалыпқа келтіру жұмыстары да жүйелі жүріп жатқанын да айта кеткен жөн.

Диқан өз өнімін Қарағандыдағы құс фабрикалары мен ұн комбинатына өткізеді. Ал, гектарына 30-35 тонна картоп алатын М.Велинский өнімдерін Қазақстанның басқа қалаларына жөнелтеді. Бұл жердің картобын ел біршама танып қалған. Германиядан элиталық сорттың түр-түрін арнайы әкеліп, өсіреді. Содан да болар, шаруагердің тұрақты тұтынушылары көп.

Абай ауданы

Абайдағы Көксу ауылының картобына көпшілік сүйсінеді. 120 гектарға картоп салып отырған Владимир Гергелюк те былтыр Үкімет субсидиясы демеу болып, суару техникасын алған. Шаруагерлердің нұсқауымен суару техникасының «T-L» деген маркасын таңдапты. Биыл қолданыста екінші жыл екен. «Әзірге ешқандай кемшілігін көрген жоқпыз»,– дейді диқан.

Владимир – осы өңірдің тумасы. Егіспен айналысу ежелгі арманы екен. Осы бағыттағы шаруаны дөңгелетіп келе жатқандарына да жиырма жылға жуықтапты. Отбасыменен осыны кәсіп қылған. Алғашқыда 1 гектарға көкөніс, жеміс-жидек өсіріп, саудалапты. Содан кейін жер алып, егін сала бастап, қазір көбіне картоппен айналысады. Шаруа иесі «Жеріміз аса көлемді болмаған соң қымбат картоп түрін еге қоймаймыз» дейді. Картоптың бір ғана «Гала» сортыменен-ақ өнімдерін сыртқа экспорттап жатыр. Алматыға, одан әрі Өзбекстан асады екен. Суармалы алқап бұл шаруаның да өнім көлемін ұлғайтып отыр. 1 гектардан 25 тонна, тіпті, 30 тонна картоп алады.

Бұл технологияның тиімділігін түсінген Владимир келер жылы да суармалы алқап көлемін ұлғайтқысы келеді.

– Қаншама адам жұмсайтын қа­жыр-қайратты бір ғана техника атқарып шығады. Жұмыстың жеңілдегенін атап өткеніміз жөн. Керек уақытында машинаны қосасың, қажетті алқабыңды суарып береді. Өзің басқа жұмысыңды атқара бер, – дейді Владимир Гергелюк.

Шаруасын әртараптандыруды да талап қылып отыр. Егістікті жолға қойды, енді мал шаруашылығымен айналысуға ниетті. Қазір 15 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Науқан кезінде тағы 15 жұмыскерді еңбекке тартады екен.

Сонымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының, «Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту» жобасына сәйкес, суару техникаларын сатып алу, онымен қоса, суару жүйелерін құру кезінде шыққан шығынның 50 пайызын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау» қағидасының 6-тармағына сай су беру жөнiндегi қызметтердiң де құны субсидияланады. Мұны облыстағы ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Омарбаев атап кетті.

Абай ауданы

Қазір облыстағы бес ауданның аумағындағы елуден астам шаруашылық жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етіліп отыр. Басым бөлігі – Абай ауданында, 31 диқаншылық ұйым бар. Суармалы жерді суаруға қажетті судың жетіспеу­шілігі туралы мәселе жоқ. Дегенмен, облыс басшылығы су қоймаларын әлі де көбейтуді мақсат етуде.

– Диқандардың заманауи үнемдеу технологияларын белсенді енгізуі көптеп көмегін тигізуде. Мәселен, былтырдың өзінде 24 шаруашылық 780 млн. теңгеге 40 машина сатып алды. Өз кезегінде бұл инвестиция су шығынын бір жарым есе азайтуға мүмкіндік береді. Аз шығынмен көл-көсір өнім алады, – дейді сала маманы Болат Омарбаев.

Басқарма берген ақпаратты арқау қылсақ, суармалы алқап жұмыстарына облыс қазынасынан 400 млн. теңге субсидия бе­ріліпті Демек, өңірдегі көп диқан көп-көрім көмекті сезініп отыр.

Арқада суармалы алқап көлемі ұлғайып келе жатыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button