Су тасқыны: жағдай тұрақталып келеді
Кеше Шет ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. 40 үйді су басып, Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсал елді-мекенінен 292 адам эвакуацияланды. Оның – 114-і балалар. Бүгінгі күннің дерегіне сүйенсек, эвакуацияланған тұрғындарды қайтадан тұрғылықты жеріне көшіру мәселесі талқылануда.

Гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істейді, толып кетудің алдын алу мақсатында су төгінділері жүргізіледі.
Аймақтағы ірі су қоймаларынан (Самарқанд, Ынтымақ, Шерубай-Нұра) төгінділердің ұлғаюына байланысты қауіп те жоқ емес. Су төгетін жерден төмен орналасқан Абай, Бұқар жырау және Нұра ауданының 28 елді мекенінде қауіпсіздік шаралары қолға алынып, тиісті іс-шаралар жүргізілуде.
Тәулігіне 5 190 қапшық төселіп, 13 500 текше метр су сорылды. 273 адам, 23 бірлік техника жұмылдырылды. Қазір Нұра ауданына 217 адам, 19 бірлік, Бұқар жырау ауданында 53 адам, 2 бірлік, Абай ауданында 3 адам, 2 бірлік техника жұмыс істеуде.
Нұра ауданы Нұра ауылының Құндызды өзенінің үш учаскесінде мұз кептелісі болу қаупі бар. Қауіптің алдын алу үшін бүгін ауданы 8 000 шаршы метр болатын мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Осакаров ауданы, Николаевка ауылындағы Сабырқожа өзенінде мұзды ұсақтау жұмыстары жүргізіледі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz