Бас тақырып

Су тасқыны қаупі 8 облыста жоғары – Ерлан Нысанбаев

Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ел аумағының 71%-ында қар жатқанын хабарлады.

Сурет egemen.kz

 Ол 11 наурыздағы жағдай бойынша қар астында жатқан аумақ 71%-ды құрайтынын, дегенмен бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ға аз екенін атап өтті. Еліміздің оңтүстігінде: Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында: Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр.

– Наурыз айында температура көтеріліп, жауын-шашын көп болса еріген қар суынан тау өзендерінде тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі деп күтіліп отыр. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түсті, — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамының жаңартылған деректерін ұсынды.

 Ол наурыз, сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп күтіліп отырғанын әрі еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын көп түсетінін атап өтті. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.

Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.

Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.

Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.

– Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды, – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button