Су тасқыны: қарағандылық мамандар тәжірибесімен бөлісуде
Аймақтағы су айдындарын «Қарағанды су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны бақылайды. Себебі, су тасқынына қарсы күрес кезінде дайындық жұмыстары үшін өте тиімді. Осындай ұтымды тұстарын Үкімет басшысы басқа өңірлерге де қабылдау қажеттігін айтып, кәсіпорын құруды тапсырған болатын. Осы мақсатта басқа өңірлерден келген мамандар Қарағандыда республикалық деңгейде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде бас қосып, өзара тәжірибе алмасты.
Қарағандыдағы аталған кәсіпорын 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Оның балансында 60-тан астам су қоймасы бар. «Қарағанды су қоймалары» КМК директоры Мира Махатчина өзінен көптеген облыстан көмек сұрап, осындай кәсіпорынның ашылу жолдарын айтып беруін сұрағанын айтады.
– Бұл кездесудің маңызы зор. Су ресурстары – ең үлкен байлықтың бірі. Біз су қоймаларын қорғау мәселелерін талқылап, кәсіпорнымыздың жұмысы туралы әңгімелеу үшін жиналдық. Алдағы уақытта су қоймаларына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ, жобалық құжаттаманы дайындап, зерттеумен айналысамыз, – деді Мира Махатчина.
Айта кетейік, кәсіпорын мамандары қандай да бір маңызды шешімдерді қабылдамас бұрын ардагер гидротехниктермен кеңеседі. Дөңгелек үстел барысында жиналған қауым өзара пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Жиын соңынан кейін арнайы келген қонақтарға техника мен жабдықтар көрсетілді.
– Біз көптеген пайдалы ақпарат алдық. Мұнда техникалық жағынан, мамандар штатында да қажеттінің бәрі бар екен. Жұмыс жақсы реттеліп, жолға қойылған. Біз осындай кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастырамыз. Қарағандылық әріптестермен үнемі байланыста боламыз, – деді Қостанай облысының өкілі Бағлан Сабыров.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz