Бас тақырып

Су тасқыны: айналма жолдар әзірленуде

Жылдағыдай емес, қар суының мөлшері биыл біз ойлағаннан әлдеқайда көп болды. Біршама елді мекен су астында қалып, жолдар жабылды. Абырой болғанда зардап шеккендер болмады. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Бірақ, қара суының қатты ағыны аймақтағы тас жолдардың белгілі бір учаскелерін жарамсыз етті. Атап айтсақ, екі – облыстық, үш жергілікті маңызы бар жолды су шайып кетті. Бірақ, сол часкелерді айналып өту үшін айналма жолдарды ашты.

Сурет: облыс әкімдігінің сайтынан

Су шайып кеткен облыстық маңызы бар жолдың бірі – Ақтоғай ауданындағы «Ақтоғай-Нұркен» автожолы. Автожолдың 57 шақырымында қар суы жол жамылғысын шайып (ені 6 м, тереңдігі 2 м), қозғалысқа тыйым салынған болатын. Мамандар 2 сәуірден бастап айналма жол жасап, көлік қозғалысын қайта ашты.

Ауданға қарасты «Нарманбет-Қошқар» аудан аралық тас жолының 86 шақырымында Ақтайлақ өзені арнасынан асып, жолды шайып (ені 12 м, тереңдігі 1 м) кеткен. Әзірге екі елді мекенге апаратын кірме, яғни Қошқар ауылы мен Айыртас ауылына апаратын жол жабық.

Нұра ауданында да дәл осындай жағдай. Кеше жергілікті маңызы бар автомобиль жолының Балықтыкөл ауылынан «Шахтинск-Қайнар-Нұра» тас жолына дейінгі 20 шақырымында ұзындығы – 100 м, тереңдігі – 15-20 см болатын су тасқыны орын алған. Қазір жол учаскесі жабық. Дегенмен, Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы арқылы өтетін айналма жол арқылы қатынауға болады.

Шет ауданы, Нұраталды ауылы, Шопа ауылына кіреберіс жол – жергілікті маңызы бар автожолдардың қатарында. «Шерубай-Нұра» өзені өз деңгейінен көтеріліп, ені – 300 м, тереңдігі – 20 см-ге жайылған. Қазіргі таңда Шопа ауылына апаратын жолға шектеу қойылған. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды келесі жолға өткізу үшін кезекшілік атқаруда. Елді мекенге қауіп жоқ.

Нұра ауданы, Нұра ауылынан өтетін «Қарағанды – Шахтинск – Есенгелді – Қайнар – Нұра» тас жолы – облыстық маңызы бар жол. Қарой ауылындағы көпір учаскесінде қар еріп, Нұра өзені тасып кеткен. Қазіргі уақытта су деңгейін төмендету мақсатында «Сембир» ЖШС жол жамылғысын ашу жұмыстарын жүргізуде. Ал, жол учаскесі – жабық. Оқиға орнында жергілікті атқарушы органдар мен ПБ-нің күшімен күзет ұйымдастырылды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button