Су сұрауын нақтылайтын Кодекс
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке сарапшылармен бірлесіп жаңа Су Кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырды. Мұндағы басты міндет – су ресурстарының тапшылығын азайту. «Климаттың өзгеруі мен шекаралас елдердің ұстанатын саясатын ескере отырып, Жаңа Кодекс су тапшылығын азайтуға септігін тигізуі қажет», – деді Мемлекет басшысы. Жаңа Су кодексі 2023 жылы Парламент қарауына ұсынылады.
2003 жылы қабылданған Су Кодексі Су ресурстарын үнемдеуге және оларды тиімді пайдалануға кең мүмкіндік бермейді. Ескі құжатта су деген ұғым алдымен өндіріс факторы ретінде ғана қарастырылып келген. Ауа райының өзгеруі, су саласындағы қордаланған мәселелер елдің де әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі болады. Қолданыстағы кодекске он жеті жыл ішінде 62 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде құқық қолдану реттілігінің жоғалуы байқалады.
Халықаралық сарапшылардың қорытындысы бойынша Қазақстанда суды тұтыну 2040 жылға қарай 46%-ға өседі, су ресурстарының тапшылығы жылына 12 км3-ке дейін жетуі мүмкін. Тапшылық негізінен іргелес мемлекеттерден ағынның азаюына байланысты болады. Суды пайдаланудың негізгі үлесі ауыл шаруашылығына тиесілі – бұл жалпы суды тұтынудың шамамен 65% құрайды.
Жыл өткен сайын бұқара халықтың суға деген қажеттілігін қамтамасыз ету су тапшылығының өсуіне байланысты күрделі міндетке айналуда. Республика аумағындағы мөлдір судың қаттығы өзен-көлдердің ластануымен күшейе түсті. Бұл мәселені «Ortalyq Qazaqstan» газеті де түрлі деңгейлерде көтеріп келеді.
– Жаңа Су Кодексінің жобасымен танысып шықтым. Өңірдегі Балқаш, Нұра, Бұқпа сынды өзен-көлдеріміздің таза болуының өмірлік мәні бар. Мұнымен бірге, кез келген жеке және заңды тұлғаның суды пайдалану кезінде белгілі бір шегі болуы маңызды. Бұл нормалардың барлығы жеріміздегі су ағындарының қауіпсіздігін нығайтады. Мемлекет басшысының тапсырмасы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына енгізілгенін ұмытпауымыз керек, – деп топшылайды қала тұрғыны Думан Шалтаев.
Су заңнамасындағы жаңа нормалар жеке тұлғалардың, фермерлер мен кәсіпорындардың тиімді су тұтынуын, сондай-ақ кәсіпорындарда және тұрғын үй-коммуналдық салада суды пайдалану мен тазалаудың тұйық циклін ынталандыруы тиіс. Осылайша, мемлекеттік органдардың су ресурстарын есепке алу және мониторингілеу жөніндегі құзыретін нақты айқындау, барлық деректерді жинақтау, бағалау және болжамдар жасау үшін гидрологиялық орталық құру мәселесін шешу ұсынылады. Бұдан басқа, салық заңнамасына салық төлеушілерге жаңа су үнемдеу, тазарту технологияларын енгізу, судың нақты экономикалық құнын белгілеу үшін су ресурстарының тарифтік тәсілін қайта қарау туралы ұсыныс бар.
– Бұл Су Кодексінде әр өңірдегі су ресурстарын қорғап, пайдалану және профилактикалық тексерулер жүргізу, эколог, инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларды материалдық-техникалық жарақтандыру, әлеуметтік қорғау мәселелерін айқындау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нормаларды бекіту ұсынылады. Бір қарағанда елеусіз көрінгенімен, бұл шаралар айналып келгенде осы салаға игі ықпалын тигізеді, – деп хабарлады Экология департаментінің бөлім басшысы Нұрболат Сәдібек.
Қазір су заңнамасындағы түпкі тұжырымдама өзгерген. Су құндылық екендігіне баса мән берілуде.
Әлбетте, су жаңа Су Кодексін қабылдау уақыт талабы екендігі аян. Бірақ құжаттың тиімділігін іс жүзінде сынар халық тарабы әзір бұл жаңалыққа жақ ашпады. Суы жоқ жерде өмір жоқ. Аққан дариямыз суалмасын дейік.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Оrtalyq.kz