Су ресурсындағы сенімділік пен даму
Облыс аумағында су ресурстарын басқару және гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғырту саласында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің гүлденуінің берік негізі» тапсырмасын орындау аясында іске асырылып отыр. Сонымен қатар, 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент су қауіпсіздігі мен суды үнемдеуді елдің стратегиялық басымдықтары ретінде атап, бұл бағытта нақты іс-қимылдарды жүргізуді тапсырды.

Инфрақұрылымды жаңғырту жалғасады
Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды енгізу баяу екенін атап, дамыған елдердің озық тәжірибесін зерттеп, технологияларды сатып алу және шетелдік компанияларды тарту қажеттігін қатаң ескерткен еді.
Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде өңірде 217 гидротехникалық нысан тіркелген. Оның 13-і – республикалық маңызды, 186-сы – коммуналдық, 18-і – жеке меншік су қоймасы мен бөгеттер. Нысандар қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жұмыс істеп тұр.
– Жөндеуді қажет ететін гидротехникалық нысандарды анықтап, оларды кезең-кезеңімен жаңғыртуды жүзеге асырудамыз. Мысалы, Танатбай, Ақтұмсық және Мұқтар су қоймалары күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыстар 2026 жылғы 30 қарашаға дейін аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Тоғызкұдық және Жастілек бөгеттерін күрделі жөндеу өткен жылдың қарашасында аяқталды, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы су ресурстары бөлімінің басшысы Алмас Саламқұлов.
Одан бөлек, жаңа жобалар да әзірленуде. Ботақара, Темирязев, Босаға және Ақжар су қоймаларына арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Өткен жылы 13 су қоймасына техникалық тексеру жүргізіліп, нәтижесіне сәйкес қосымша жобалық құжаттама әзірлеу жоспарланғанын айту керек.
Бұл – техникалық тұрғыда әрі стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымды қалыптастырудағы маңызды қадамы. Аймақта гидротехникалық нысандарды жаңарту, олардың сенімділігін арттыру, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су шаруашылығы жүйесін тұрақты дамыту және суармалы жерлерді тиімді пайдалану бағытындағы кешенді және жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Тұрғындарға сапалы ауыз су
Облыс аумағындағы қалалардың тұрғындарының 99,4%-ы, ауылдық елдімекендердегі халықтың 97,9%-ы орталықтандырылған сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда үздік көрсеткіштердің бірі екенін айту керек.
Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының су тасқыны және кәріз бөлімі басшысы Бақытбек Ақпаров та атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі әрі нәтижелі екенін алға тартады.
– 2025 жылы облыста ауыз сумен қамтамасыз ету қызметтеріне 100% қол жеткізу мақсатында 67 жоба іске асырылды. Оның ішінде, 22 жоба су құбыры желілерін салуға, 45 жоба блок-модульді су тазалау кешендерін орнатуға бағытталған. Одан бөлек, 22 құрылыс нысаны пайдалануға беріліп, 45 ауылдық елдімекенде блок-модульді су тазалау кешендері орнатылды. Бұл облыс тұрғындарының толық орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беріп отыр, – деп атап өтті ол.
Дерекке сүйенсек, су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 4 895,51 шақырымды құраса, орташа тозу деңгейі – 46,6%. Ал, кәріз желілерінің ұзындығы – 1 713,11 шақырым болса, тозу деңгейі – 74,8%. Өткен жылы 180,6 шақырым су және кәріз желілері салынып, қайта жаңғыртылған.
– Табиғи монополия субъектілері 35,5 шақырым су құбыры және 19,8 шақырым кәріз желілерін күрделі жөндеуден өткізді. Нәтижесінде су құбыры желілерінің тозу деңгейі 46,6%-дан 45,8%-ға, кәріз желілері 74,8%-дан 73,9%-ға төмендеді. Ал, биыл облыста 19 жобаны іске асыру көзделуде. Оның ішінде, су құбыры желілерін реконструкциялау – 8 жоба, Қазақстан Республикасы Кәріз және су тазалау нысандарын жаңғырту бағдарламасы аясында кәріз желілерін салу және реконструкциялау – 11 жоба, – дейді Бақытбек Ақпаров.
Бұл жобалар сумен қамтамасыз ету көлемін арттырумен шектелмей, инфрақұрылымның сенімділігін күшейту, апатты жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды да көздейді.
Өнімділік кепілі – тиімді пайдалану
Аймақтағы суармалы жерлердің ауданы – 46,5 мың гектар. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері негізінен жаңбырлатып суару әдісін қолданады. Бұл суды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
– Бүгінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялаудың екі бағдарламасы қарастырылған. Біріншісі – су үнемдейтін егістік технологияларын енгізуге арналған инвестициялық субсидиялар. Екіншісі – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу қызметінің бір бөлігін өтеу үшін су жеткізушіге субсидиялар аудару. Бұл шаралар судың жоғалуын азайтуға, өнімділікті арттыруға және фермерлерді суармалы жерлерді модернизациялауға қолдау көрсетуге бағытталған, – деп атап өтті облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту және техникалық жарақтандыру бөлімінің бас маманы Сабина Баянова.
Су ресурстарын тиімді пайдалану, гидротехникалық нысандарды жаңарту және суармалы жерлерді модернизациялау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса қажет.
Сондықтан да, облыста су ресурстарын басқару мен гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғырту жүйелі. Гидротехникалық нысандар жаңартылып, олардың сенімділігі артқан. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 100%-ға жетіп, ауыл шаруашылығында су үнемдеу шаралары іске асырылып, өнімділікті арттыруға баса ден қойылған.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



