Су деңгейі төмен
Сенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ су басу қаупі бар аумақтарды тікұшақпен аралап шықты.
Әуе сапары 580 шақырымнан астам қашықтықты құрап, төрт ауданды қамтыды. Әкім Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Абай аудандарының аумағын аралады. Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар қаралып, Самарқанд, Шерубай-Нұра, Ынтымақ, Жартас және Ащысу су қоймаларының, сондай-ақ, Нұра, Шерубай-Нұра, Ащысу, Матақ, Жарлы өзендерінің арналары тексерілді.
Аймақ басшысымен бірге сапарға облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев, аудандар әкімдері, мемлекеттік орган жетекшілері қатысты.
Биылғы жылы еріген қар суынан елді мекендердің қорғалу дәрежесін бағамдау мақсатында аймақ басшысы бұл сапарға арнайы шықты. Белгілі болғандай, жыл сайын арнасынан шығатын өзендердің жағаларында қорғау бөгеттері салынған және басқа да сақтандыру шаралары ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар елді мекендерге су кіру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Өткен жылдармен салыстырғанда қар суының көлемі төмен. Әуеден бақылау барысында өзендердегі судың деңгейі төмендегені байқалады. Су тасу және арнасынан шығу қаупі жоқ.
Қазіргі таңда Самарқанд су қоймасынан – 15 м³/с, Ынтымақ су қоймасынан – 20 м³/с көлемінде су жіберіліп жатыр. Ірі су қоймаларынан уақытында су жіберіп отыру шарасы өзендердің арнасын жуып өтуге, сондай-ақ, су қоймаларында еріген қар суын сыйдыратын бос орын дайындауға мүмкіндік берді.
Аймақтағы су тасқынына қатысты жағдай қалыпты және үнемі бақылауда. Жедел штаб күн сайын жағдайды қадағалап отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.