Басты тақырып

Су қаупінің алды алынуда

Қарағанды облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілуде. Іс-шараға облыстық басқармалар, коммуналдық қызметтер, бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар қатысуда. Аумақты тазалау жұмыстарының кестесі жасалған. Бұл туралы Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілдері мәлімдеді.

Су тасқынының қауіпі бар аумақтарда тұратын 7000-ға жуық адам қамтылып, халықпен 75 рет кездесу ұйымдастырылды. Су тасқынына қарсы қажетті материалдық – техникалық құралдардың, инертті материалдардың қорлары құрылған. Бүгінде облыс аумағында өзендердегі, су қоймаларындағы, гидротехникалық ғимараттардағы су тасқынының өтуін қадағалау мақсатында 54 бекет жұмыс істейді. Су тасқынының ахуалы қиындаған жағдайда құтқару қызметін топтастыру және облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы саны 7403 адам, 2665 техника мен 125 жүзу құралдары сақадай сай тұр,–дейді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.

Сонымен қоса, керекті тазалау, тереңдету, су тасқыны су ағызғыштарын және су жіберуді кеңейту жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныстар жұмыс кестесіне сай жүзеге асуда. Жуырда ғана су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде Қарағанды қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшылығымен Федоров су қоймасының арналарын қамыс пен талдардан тазарту жұмыстары жүргізілген. Аталмыш шараға Қарағанды облысы ТЖ департаментінің, Ұлттық ұлан №52859 әскери бөлімінің және «Благоустройство» ҚМКӨ күштері мен құралдары жұмылдырылған. Осы күні Соқыр өзен арнасының 1300 метр жері тазартылған. Сондай-ақ, Қарағандының Куряновск, Р.Люксембург, Мурманская, Чапаев, Заводская, Арбатская, Крымская, Толстой, Суриков, Машинист көшелерінде рейд ұйымдастырылған. Рейд барысында су тасқыны суларының кедергісіз өтуі үшін су өткізгіш құбырлар, арықтар және арналарын уақытылы тазалау, жеке аулалардан қарды шығару және тазалау бойынша халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Толассыз жауған жаңбыр мен қардың еруінен Теміртау қаласындағы жеті жекеменшік үйді су басқан еді. ТЖД бөлімшелері, жергілікті атқару органдары, жергілікті полиция қызметі және басқа да жұмылдырылған ұйымдар апат салдарын жоюмен айналысты. Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданының Көкпекті кентінде, Абай қаласында төрт үйді судан тазарту жұмысы атқарылған. Қазіргі таңда қауырт науқанға байланысты тиісті шаралар қолға алынып, су тасқыны туралы ескертулер жасалуда. Үйдің иесі болмай қалған жағдайда, судың тасуы байқалған кезде қандай істер атқару керектігін мәлімдейтін естелік хабарлама қағазды қалдыруда қарастырылған. Әзірленген жұмыс кестесі бойынша қар тазалау жұмыстары наурыз айының соңына дейін жалғасады.

«Қазгидромет» РМК хабарлауынша, 25-30 наурызда Қарағанды облысында жауын-шашын (көбіне жаңбыр) болып күн жылынады деп күтілуде. Күннің күрт жылынуына байланысты су деңгейлерінің көтерілу қауіпі бар.

Нұрдос Кәрім.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button