Жаңалықтар

Су айдындарында суға түсу – тегін

«Шұбартүбек», «Тораңғалық» сынды демалыс орындарында тек көлге түсуі үшін демалушылар белгілі бір мөлшерде ақша төлеп кіретін. Бұл, әрине, кәсіпкерлердің қызметінен бөлек. Бұдан былай демалушылар көлге тегін түсетін болады. Бұл туралы Гүлшат кенті және Шұбартүбек елді мекенінің әкімі Расул Касенхан өзінің Facebook парақшасында жариялады.

– Мемлекеттік жер кадастры ақпараттық жүйесі арқылы Шұбартүбек елді мекеніндегі жағажайдың барлығы кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге (49 жылға) жалға берілген. ҚР Су кодексі және жер кодексінде, әр азаматтың су айдындарын ортақ пайдалануға, емін-еркін кіруіне құқығы бары анық көрсетілген. Қазіргі жағдай ҚР ӘҚБтК 364-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес құқықбұзушылық деп танылады. Яғни, су айдындарына күзет қойып, тыйым салу, белгі орнатып, шектеу қою – заңбұзушылық.

Шұбартүбектегі жағажайға дейінгі жер учаскілері жеке меншік жер болғандықтан, жеке тұлғалардың (халықтың) су айдындарына кедергісіз кіруі үшін Балқаш қаласының әкімдігі Бас жоспарға сәйкес 6 сәуірде №16/09 «Жер учаскелеріне жария сервитут белгілеу туралы» қаулы шығарды. Бүгінде қаулы күшіне еніп, жер иелеріне жер бөлімі хабарлама жіберді. Енді қаулыға сәйкес жер иелері жеке тұлғалардың су айдынына тегін кіруіне кедергі келтіре алмайды. Егер құқығыңыз бұзылса Полиция бөліміне хабарласуға болады. Бірақ, естеріңізде болсын, кәсіпкерлер өздері көрсететін қызмет түрлері – ақылы. Яғни, ақылы қызмет түрлеріне шезлонгтар, шатыршамен жасалған көлеңке сынды тағы басқа да кәсіпкерлердің жеке бизнесі кіреді, – деді әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button