Жаңалықтар

Студенттердің құқығы қорғалды

Былтыр қараша айында «Respublica» партиясының Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Қарағанды медицина университетінің студенттеріне қатысты мәселе көтерген болатын. Университеттің колледждік бағдарламасы лицензиясының жойылуына байланысты қиындықтар туындаған. Бұл ахуал оқу орнын қайта ұйымдастырумен байланысты орын алған еді. Осыған орай кей студенттер басқа оқу орындарын іздеуге мәжбүр болған. Ол туралы партияға 218 студенттің ата-аналарынан өтініш түскен еді.

Сурет el.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау Қарағанды облысына іссапармен келіп, Қарағанды медицина университетінің №5 жатақханасын аралап, студенттердің жағдайымен танысты.

– Жағдайды жеке бақылауға алып, екі ай бойы жауапты министрліктер және жергілікті билікпен белсенді жұмыс жүргіздік. Университет, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен бірнеше онлайн отырыстар өтті. Мәселе университет қайта құрылғаннан кейін білім беру қызметіне жаңа лицензия алу қиындықтарымен байланысты болғаны анықталды. Бұл ведомствалардың бөлінуі мен кейбір рәсімдердің реттелмеуіне байланысты туындаған.
Бүгінгі күні бұл мәселе оң шешімін тапты. Арнайы құрылған комиссияның құжаттарды егжей-тегжейлі тексерулері мен келіссөздерден кейін университет пен колледжге лицензия беру туралы шешім қабылданды. Бұл студенттерге оқуын аяқтауға мүмкіндік береді, – деді депутат.

Депутат мәселені шешуге қатысқан барлық тараптарға алғысын білдіріп, әсіресе, студенттердің әл-ауқатына қатысты жұмыс жеделдігінің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, студенттердің оқу кезеңінде университет жатақханаларында тұру мәселесін қозғады.

Нұргүл Тау Қарағанды медицина университетінде білім беру мекемесінің басшылығымен, студенттермен және ата-аналармен кездесу өткізді. Колледж студенттерінің біліміне қатысты өзекті жайттар талқыланды.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button