Студенттер спартакиадасы басталды
Қарағандыда аймақтағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында XVII облыстық спартакиада басталды. Жыл сайын өткізілетін жарысқа биыл 8 университеттің студенттері қатысып, 13 спорт түрінен бақ сынайды. Спартакиаданың ашылу салтанаты Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өтті.
Спартакиаданы облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев ашты. Қатысушылар баскетбол, волейбол, футзал, дойбы, шахмат, үстел теннисі, кір көтеру спорты, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, арқан тарту, президенттік көпсайыс (оқ ату, шаңғы жарысы, күштік гимнастика) және жеңіл атлетика сынды спорт түрлерінен сайысқа түспек.
Қатысушылар саны – 128 адам. Жалпыкомандалық есепте жүлдегерлер облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының кубогімен және дипломдармен марапатталады. Спорт түрлері бойынша жүлдегер атанған студенттерге грамоталар мен медальдар беріледі.
Спартакиадаға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қарағанды медицина университеті, Қазтұтынуодағы экономикалық университеті, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Б.Бейсенов атындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің академиясы, «Болашақ» академиясы, Орталық Қазақстан академиясы, сондай-ақ Теміртау индустриалды университеті қатысады.
Еске сала кетейік, дәстүрге айналған спартакиадада 2015 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жалпыкомандалық есепте I орын иеленген.
Мұндай спартакиада кейбір қатысушылардың алғашқы жарысы емес. Олар қарсыластарының лайықты екенін және жоғары деңгейде ойнайтынын айтады.
Диас Түскенов – Б.Бейсенов атындағы ІІМ академиясының 3- курс студенті, сержант және взвод командирі. Оның командамен бірге спартакиадаға қатысуы бірінші рет емес. Жарыстың ұйымдастырылуына да көңілі толатынын айтты.
– Былтыр спартакиадада біздің топ ІІ орын иеленді, биыл І орын алуды көздеп отырмыз. Біз футбол мен шағын футбол ойнаймыз. Б.Бейсенов атындағы ІІМ академиясында арнайы алаң бар. Сонда күніне бір рет, кешке, кем дегенде 2 сағат жаттығамыз. Футболдан басқа қоян-қолтық ұрыс спорт түрімен де айналысамын. Меніңше, спортты дамыту және салауатты өмір салтын қолдау үшін мұндай спартакиадалар қажет, – деді қатысушы.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.