Студенттер диктант жазды

    Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде поляк жазушысы Генрик СЕНКЕВИЧКЕ арнап поляк, қазақ және орыс тілдерінде VI диктант жазу рәсімі өтті.

Шараның өтуіне мұрындық болған – Польша Республикасы Елшілігі, Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және «Полония» облыстық поляктар қоғамы. Диктантты қаланың жо­ғарғы оқу орындарының студенттері, магистранттары, сондай-ақ, поляк тілі курсының оқушылары жазды. Клас­си­ка­лық және орыс филологиясы кафе­драсының меңгерушісі Галина Аман­баеваның айтуынша, шараның өтуі – еу­ропалық ғылыми кеңістікпен үндесуге ық­пал етеді. Сондай-ақ, диктант жазу – Генрик Сенкевичтің шығармашылығымен танысу, поляк халқының тарихы мен салтын білу, мәдениетін тануға қосар үлес пен білім мен ғылым кеңістігін кең ауқымда еуропалық үлгіде көру мүмкіндігі екендігін атап өтті. Еліміздегі Польша Республикасы Елшілігінің ІІІ хатшысы Анджей Бобердің және филология факультетінің деканы М.Әбдуовтің құттықтау сөзінен кейін, үш топқа бөлінген қатысушылар диктант жазуды бастады. ҚарМУ-дың профессорлары мен поляк тілі оқытушыларынан құрылған қа­зылар алқасы жұмыстарды тексеріп, қа­тысушылар Польша елінің тарихымен танысты. Деректі фильмде көрермендерге поляк халқының тарихи ескерткіштері, заманауи жетістіктері көрсетілді. Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық ке­лісім» КММ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараның қорытындысында қатысушылар мен жеңімпаздар сертификаттармен марапатталды. Қазақ тілінде – Әли Ахметов, орыс тілінде – Диана Арсланова және поляк тілінде – Вадим Карпинскийдің жазған шығармалары Поль­шаның Қазақстандағы Елшілігі та­ғай­ындаған жүлделерді еншіледі. Сонымен бірге, Польша елшілігі мен «Полония» поляк қоғамы ұйымдастырған кішігірім көрмеде қатысушылар Г.Сен­кевичтің шығармашылығымен танысып, мемлекеттің үздік университеттері жайлы ақпарат алды.

Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.