Жаңалықтар

Студенттер буллинг тақырыбын талқылады

Қарағанды тамақтану және сервис колледжінде студенттерге арналған «Буллинг» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараны Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кездесуде жастар арасындағы буллинг пен кибербуллинг мәселелерін талқылап, сыйластық мәдениетін қалыптастыруды көздеді. Бір-бірін қолдауға үйрету, сондай-ақ психологиялық қысымға қарсы тұру әдістерін меңгеруге тырысты.

Спикер ретінде Жастар ресурстық орталығының психологы Әлия Төлегенқызы сөз сөйледі. Ол қатысушылармен күйзеліске төтеп беруге және қиын жағдайларда сенімді болуға көмектесетін практикалық тәсілдерімен бөлісті. Бұдан бөлек, студенттерге командалық жұмыс пен өзара түсіністікті дамытуға бағытталған интерактивті жаттығулар ұсынды. Жастар шынайы мысалдарды талқылап, қақтығыстардан шығудың өз нұсқаларын ұсынды және маманнан кеңес алды.

– Буллинг– жай ғана ренжітетін сөздер немесе әрекеттер емес, адамның жан дүниесінде терең із қалдыратын психологиялық қысым. Біздің мақсатымыз – жастарға әрқашан жол бар екенін, әрқашан қолдау болатынын көрсету. Мәселелерді айтуға және уақытында көмек сұрауға үйрену өте маңызды. Осындай кездесулер жастардың өздерін жалғыз сезінбеуіне көмектеседі, – деп атап өтті Әлия Төлегенқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қауіпсіз білім беру ортасын құруға, студенттік қауымдастықты нығайтуға және қақтығыстар деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Аяулым СОВЕТ

 

Басқа материалдар

Back to top button