Жаңалықтар

Студенттер атқарған ауқымды іс

Былтыр аймақ колледждерінде «Жігер» студенттік парламенті құрылған болатын. Бүгінде 17 мыңнан аса студент оқып жатқан білім беру ұйымдарында студенттік парламент өз жұмысын жалғастыруда. Бір жылда жеткен жетістіктері де аз емес. «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жігер» студенттік парламент мүшелері мен колледж педагогтері жылды қорытындылады.

«Жігер» студенттік парламенті өзін-өзі басқарудың бірыңғай органы ретінде студенттік шақтың маңызды мәселелерін шешуге, жастардың оң бастамаларын қолдауға және әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған.

Форум аясында колледждерде сегіз фракция бойынша отырыс өткізіліп, Оқушылар сарайында үздіктерді марапаттау рәсімімен жалғасты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Қарағанды облыстық білім басқармасының орынбасары Азамат Бөлкенбаев бір жыл ішінде студенттік парламент 50 жоба жүзеге асырғанын айтты.

– Студенттік парламент сан алуан жұмыс атқаруда. Былтырдан бері парламент құрамына енген студенттер саны 16%-ға өсті. Мұндай форум студенттердің өзін-өзі басқару тетіктері туралы жан-жақты түсіндіруге, оны дамытуға, жетілдіру жолын ұсынуға мүмкіндік береді. Биыл студенттік парламент даму бағыттары бойынша 50 жоба жүзеге асырды. Колледждерде сегіз алаңда «Жігер» студенттік парламент фракциясының секциялық сабақтары өтеді. Қарағандының ең үздік колледждері облыстың басқа да колледждеріне жаңа дағдыларды жүзеге асыруда, студенттік өзін-өзі басқару ұйымына үлгі болып, тәжірибесін көрсетті. Аймақ колледждеріндегі студенттер мен педагогтер республикалық чемпионаттарда үнемі жүлделі орыннан көрініп келеді. Биыл облыстан төрт студент ҚР колледждерінің ТОП-100 үздік студенті қатарына кірді. Бұл колледж студенттері мен педагогтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі, – деді Азамат Тілеуұлы.

«Жігер» студенттік парламенті сегіз фракциядан тұрады. Жыл бойы жасаған жұмыстың қорытындысы бойынша колледждерден ең үздік фракциялар таңдалды. «Ең белсенді құқық және тәртіп фракциясы» бойынша Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжі, «Ең белсенді ақпарат фракциясы» Абай көпсалалы колледжі, «Ең белсенді спорт және салауатты өмір салты фракциясы» бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжі марапатталды. Ал «Ең белсенді өзін-өзі тану және бақыт фракциясы» бойынша Абай атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі, «Ең белсенді қамқорлық фракциясы» бойынша Қарағанды техника-құрылыс колледжі, «Ең белсенді мәдениет және өнер фракциясы» бойынша Тәттімбет атындағы өнер колледжіне марапат берілді. Сондай-ақ, келесі марапатты «Ең белсенді пікірсайыс қозғалысының фракциясы» бойынша «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі, «Ең белсенді экология және еңбек фракциясы» бойынша Теміртау жоғары политехникалық колледжі алды.

Салтанатты жиында желтоқсан айында Астана қаласында өткен 30 құзыреттілік бойынша «Worldskills Kazakhstan – 2022» республикалық VII кәсіби шеберлік чемпионатында жеңімпаз атанған облыс студенттері Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының Алғыс хатымен, сондай-ақ, 50 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. Жеңімпаздарды даярлаған педагогтерге де білім басқармасы басшысының Алғыс хаты берілді.

– Мен Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжінде сабақ беремін. Дәнекерлеу ісінің шеберімін. «Worldskills Kazakhstan – 2022» республикалық чемпионатына дайындаған студентім Аян Аронов жүлделі бірінші орын алды. «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреті бойынша қатысқан ол білім басқармасы басшысының 50 мың теңге ақшалай сертификатына ие болды. Міне еңбегіміз еленіп жатыр, біз де білім басқармасы басшысынан Алғыс хат алдық, – дейді колледж оқытушысы Ержан Смойлов.

Сондай-ақ, ҚР колледждерінің ТОП-100 үздік студентінің құрамына кірген облыстың төрт студентіне марапат берілді.

– Балқаш қаласындағы Б.Мусин атындағы гуманитарлық-техникалық колледжінің 4-курс студентімін. Шет тілі мұғалімі мамандығы бойынша оқып жатырмын. Университетте оқуымды жалғастырып, мектепте жұмыс істегім келеді. Мұғалімдік мамандық – игілікті іс. Еріктілер тобында жұмыс істеймін. Birgemiz: Ayala жалпыұлттық жобасының еріктісі ретінде шағын грант жеңіп алдым. Қазақстандық колледждердің Топ100 студентінің құрамына ену де мен үшін үлкен жетістік. Байқауда жетістікпен қоса, дауыс беру арқылы үздіктерді іріктеді, – дейді студент Айым Қомшабаева.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button