Студентке – жайлы жатақхана
Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері үшін жаңа жатақхана салынды. Төрт қабатты ғимарат 100 орынға шақталған. Бұл студент жастардың жатын орнына қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Жобалық менеджменттің арқасында жатақхана құрылысы жоспарланған мерзімінде аяқталды, жақын арада студенттерді қабылдай бастайды. Жайлы бөлмелерден басқа, мұнда жұмсақ жиһаз және теледидар орнатылған демалыс орындары, компьютерлері бар оқу залдары, сондай-ақ кір жуатын орындар бар. Сантораптар мен ас үй әрбір блокта қарастырылған.
– Бүгінгі таңда Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінде 158 студент білім алуда. Олардың көпшілігі елдің түпкір-түпкірінен келеді. Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 45 оқушы республикалық бюджет есебінен білім алуда. Бұрын олар оқу орнынан бірнеше шақырым жерде орналасқан ескі жатақхана ғимаратында тұрған. Оларға оқуға жаяу баруға тура келді, – деді Қарқаралы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлбаршын Жұмаханова.
Шахтинск қаласында да студенттер жатақханасын салу қажеттілігі бар. Бұл мәселені шешу үшін ескі оқу орындарының бірінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Ғимарат жатақхана ретінде қайта құрылады. Жұмыстар 65%-ға орындалды. Қарағандыда тау-кен металлургия колледжінің жатақханасын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қарағанды облысында колледж жанындағы 30 жатақхана бар. Олар 4 410 орынға есептелген.
Өз тілшімізден.