Жаңалықтар

“Strava” жеңімпаздарды анықтады

Қазақстан Республикасының Конституция күніне және Спорт күніне орай ұйымдастырылған «Saryarka» спартакиадасының әуесқойлар арасында жаяу жүгіру жарысы мәресіне жетті. Онлайн чемпионаттың озаттары медальдармен, сонымен қатар, электрондық сертификаттармен марапатталды. Шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған – дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жеңіл атлетикадан облыстық олимпиадалық резерві мектебі.

Сайыста 16 жастан асқан 100 талапкер бақ сынады. 4000 метрге жүгірген ерлер мен 2000 метрді бағындырған әйелдер арасындағы нәтижені «Strava» мобильді қосымшасы қорытындылады.

– Додаға облыс қалаларының спортшылары түгел қатысты. Оның ішінде Қарағанды, Абай және Теміртау қалаларының сайыскерлері топ жарды. Кросс екінші рет өтуде. Биылғы нәтижелер былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, – деді жарыстың бас төрешісі Владислав Фризин.

Жарысқа қатысып, жүлдегер атанған Абай қаласының спортшысы Азамат Аденов аздап қиындау болғанын айтады. Себебі, онлайн байқауда қарсылас қарқынын сараптауға мүмкіндік жоқ. Төрелігі жеке түсірілген бейнеролик арқылы өтеді. Топ арасында танылған бірқатар спортшыларға бұл тұсау болғандай. Десек те, карантинге қарамастан онлайн болса да өткізілген іс-шараның орны бөлек.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button