Жаңалықтар

«Стоп-кредит» қызметі арқылы қаржылық қауіп-қатерлерден қорғануға болады

Бүгін – ұлттық мақтаныш пен экономикалық дербестіктің нақышты нышанына айналған Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні. Төл теңгеміздің тарихы – ел тәуелсіздігімен тағдырлас, мемлекетіміздің қаржы жүйесінің қалыптасу жолындағы айрықша белес. Осы мерейлі күні біз Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қарағанды филиалының директоры Ғазиз Шегеновпен келелі сұхбат құрып, қаржы жүйесінің бүгіні мен ертеңі, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жолдары және цифрлық дәуірдегі қауіпсіздік мәселелері жайында әңгімелесуді жөн санадық.

Сурет Ғазиз Шегеновтің жеке мұрағатынан

– Құрметті Ғазиз Бақытжанұлы, цифрлық технология дәуірінде алаяқтық жайттары ең өткір мәселелердің біріне айналуда. Бүгінде қаржылық қауіпсіздік мәселесі халық үшін қаншалықты өзекті?

– Сауалыңыз орынды. Қаржылық қауіпсіздік бұқара халық үшін күнделікті негізде мән беретін мәселе екендігі даусыз. Күн сайын дейміз-ау, сәт сайын алаяқ атаулысы заманауи технологиялар мен әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, алдаудың жаңа түрі мен тұзағын ойлап-тауып отырады. Ал, қаржылық са­уаттылықты арттыру дәрісі алаяқтықты ажырата білуді үйретеді. Саналы қаражат басқарып, үйлестіруде сауатты шешім қабылдап, қаражатты тиімді үнемдеу мен инвестициялауға көмектеседі. Әсіресе, осы тақырып онлайн-банкинг пен мобильді қосымшаларды пайдаланатын адамдар саны үнемі өсіп келе жатқан сандық-қаржылық қызметтерін көрсету дәуірінде аса маңызды болып қалды. Қараша халық онлайн-алаяқтарға тап болып, солармен салыстырғанда осал болып қалғаны қапысыз шындық.

– Жөнекей адамдарға осындай қатерлерден қорғануға не көмектеседі?

– Қаржылық сауаттылық алдымен алаяқтықтың алдын алуда және жеке қаржыны қорғауда маңызды рөл атқарады. Бұны тегінде қаржы турасындағы білім мен мағлұмат жиынтығы ғана емес, сонымен қатар, бар біліміңізді іс жүзінде қолдана білу, тап келерлік тәуекелдерді талдау, қаржыңызды оңтайлы басқару, негізделген қаржылық шешімдер қабылдау және алаяқтардан қорғану қабілеті дер едік бір сөзбен. Адам бейтаныс тұлғаларға жеке және банктік деректерін хабарлауға болмайтындығын, әр сервис үшін күрделі және ерекше парольдерді (құпиясөздерін) қолдану әрі оларды үнемі өзгерту, өз құрылғыларын антивирус арқылы қорғау қажет екенін, онлайн төлемдер жүргізген кезде барынша абай болу керегін және жасасқан мәмілелердің қауіпсіздігіне назар аударудың маңызды екенін білгенде ғана олар қаржылық алаяқтықтан зардап шекпейтін болады.

– Бүгінгі күні қаржылық сауаттылықты арттыру үшін қандай қадамдар жасалуда?

– Қазақстан Республикасында қар­жылық сауаттылық біртіндеп артып келеді. Алайда, несиелер мен алаяқтық мәселелері әрқашан өзекті болып қала бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділ Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Оқу ағарту министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесіп, мектептер мен колледждер педагогтерінің экономика негіздері жөнінде қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржы мәдениетін оқу үдерісіне интеграциялау және оқушылар мен студенттердің өзіндік қаржыларына жауапкершілікпен қараудың практикалық дағдыларын қалыптастыру бойынша курс­тар циклын іске қосты. Ұлттық Банктің аумақтық филиалдары базасында банк қызметкерлері мен «Өрлеу» БАҰО кәсіби жаттықтырушыларының басшылығында жоспарланған оқыту Ұлттық Банктің Қарағанды филиалында басталды. Жоба республика бойынша 10 мыңға дейін оқытушыны, оның ішінде, биыл 6 мың оқытушы және 2026 жылы 4 мың педагогті қамтиды. Қарағанды облысында жыл соңына дейін 289 мектеп пен колледж мұғалімдері, оның ішінде, 139 оқытушы мемлекеттік тілде, 150 оқытушы орыс тілінде оқытылады. Жаңа курс теория мен практиканы біріктіретін заманауи білім беру моделін ұсынады. Қатысушыларға бейнесабақтар, анимациялық материалдар, практикалық кейстер және т.б. ұсынылады. Бағдарлама цифрлық қаржы, инвестициялық мінез-құлық тақырыптарын және алаяқтық схемалардан қорғану әдістерін қамтиды. Облыс мектептері мен колледждердің оқытушылары оқушылар мен студенттерге ақшаны ұстау әдістерін ғана емес, алаяқтардан қалай қорғану керектігін де жақсы түсінуге көмектесетін пайдалы білім қорын алады.

– Алаяқтықтың қандай түрлері жиі кездеседі?

– Ең алдымен, қаскүнемдер азаматтарға қоңырау шалып, әртүрлі сылтаулармен ақша аударуды, жеке деректерді, SMS-кодтарды сұрайтын, қосымшаны, зиянды сілтемелерді, жалған сайттар мен QR кодтарын жүктеуді өтінетін фишинг немесе телефон алаяқтығын айтар едік. «Дипфейктер», жасанды интеллект арқылы дауысты клондау, Ұлттық Банк, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлерінің ресми бейне хабарламаларын пайдалана отырып, жалған бейнелер жасау сияқты жаңа технологиялар алаяқтықтың айла-шарғысын одан да мейірімсіз етеді. Қаскүнемдер YouTube, Instagram және TikTok атты әлеуметтік желілерінде жалған инвестициялық компаниялар туралы, Қазақстан Ұлттық Банкінің тиісті лицензиясы жоқ компаниялардың құндылықтарды инкассациялау қызметтері әрі заңсыз иемденіп алған ақша қаражаттарын қайтару бойынша тегін көмек көрсетуі туралы жалған жарнама жариялайды. Сонымен қатар, алаяқтар қауымы заманауи сандық технологияларды, әлеуметтік инженерия әдістерін егде жастағы азаматтарға қарсы қолдана отырып, оларды жаңылыс­тырады. Жинақ қорларын көбейтетін «тиімді» ұсыныстары бар деп өздерін зейнетақы қорының немесе сақтандыру компанияларының қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, құрбандыққа тап болған адамдарды асығыс әрекет жасауға мәжбүрлеу үшін психологиялық қысым мен айла-амал әдістерін қолданады.

– Алаяқтардың құрбаны болмас үшін азаматтар өзін қалай дұрыс ұстай білу керек?

– Алдымен азаматтар қырағылық танытуы, жеке деректерін қорғау, күмәнді шоттарға ақшалай қаражатын аудармау, тексерілмеген күдікті сілтемелер мен құжаттар арқылы өтпеу, күмәнді файлдарды жүктемеу, ғаламтор желісінде жеке және қаржылық ақпаратты жарияламау қажет. Онлайн сатып алулар кезінде абай болу, сайттардың сенімділігін тексеру және жақын адамдарыңыз шұғыл ақша аударуды сұраса, оларға әрқашан қайта қоңырау шалу қажет. Алаяқтар көптеген жағдайда эмоционалды тұрғыда қысым жасайды. Сондықтан, асықпай, тоқтап, міндетті түрде бәрін мұқият тексеріп алған жөн болады. Егер сізге мемлекеттік органдардың немесе Қазақстан Ұлттық Банкі қызметкерлерінің атынан қоңырау шалған болса, әңгімені үзіп, мүмкіндігінше мемлекеттік органның ресми нөмірі арқылы өз бетіңізше хабарласқаныңыз абзал.

Дегенмен, алаяқтар сіздің деректеріңізді пайдаланып қалса, не істеген жөн?

Дереу картаны бұғаттап, барлық аккау­нттардың, оның ішінде, банктік қосымшалар мен электрондық пошталардың құпиясөздерін өзгерту қажет. Несие алу мүмкіндігіне қол жеткізуді шектеу мақсатында, атыңызға кредиттер мен шағын қарызды рәсімдеу мүмкіндігін бұғаттау үшін eGov.kz порталы арқылы «Стоп-кредит» қызметін іске қосыңыз. Тыйым мерзімсіз қосылады. Алайда, қажет болған жағдайда оны ашуға да болады. Сонымен қатар, банктік үзінді көшірмелерін тексеріп, шоттан ақшалай қаражатын шығарылуы анықталған жағдайда екінші деңгейдегі банкке арыз жазып, 102 нөмірі бойынша немесе qamqor.gov.kz порталы арқылы полицияға жүгіну керек. Сонымен бірге, аккаунтыңызды бұзып кіргені жөнінде мүмкіндігінше туыстарыңыз бен таныстарыңызды жедел ескертуді, олармен балама байланыс арналары (мысалы, телефон немесе басқа мессенджер) арқылы хабарласуды және сіздің атыңыздан кез келген хабарламалар алаяқтық болуы мүмкін екенін хабарлауды ұсынамыз.

– Біздің оқырман қауымына қандай келелі кеңес бере алар едіңіз?

– Бір сөзбен айтқанда, қаржылық сауаттылық – тосын алаяқтықтан, қарыз тұзақтарынан және жаппай елдің санасына бағытталған айла-амалдарынан ең жақсы қорғаныс деп сипаттаймыз. Заманауи ақпараттық өмірімізде қаржы туралы білім, сыни тұрғысынан ойлау және технология­лық сауаттылық қаржылық тұрақтылық пен қаржылық қорғанысқа қол жеткізудің маңызды құралы болып келеді. Осыған орай, қаржылық сауаттылықты сөзсіз арттыру қажет. Ол үшін жеке қаржыны басқару негіздерін оқып, жаңа алаяқтық схемалардан үнемі хабардар болу тиіс. Ақша мен қаржылық тәуекелдері туралы неғұрлым көбірек білсеңіз, сізді алдау соғұрлым қиын бола түседі. Біліміңізге инвестиция жасау арқылы сіз өзіңіздің қаржылық қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етесіз. Кез келген ақпаратты тексеріңіз, жеңіл пайда туралы уәделерге сенбеңіз, артық қарыздан аулақ болыңыз және несие өнімдерін таңдауда мұқият болыңыз. Күмән туындаған жағдайда кеңес алу үшін екінші деңгейдегі банктерге немесе құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынамыз. Ұзын сөздің қысқасы, Қазақстан Ұлттық Банкінің қыз­меткерлері аудио және бейнеқоңыраулар арқылы хабарласпайтыны, қандай да бір инвестициялық қорлар мен қаржы өнімдеріне инвестициялар жасауды ұсынбайтыны, заңгерлік қызметтерін көрсетпейтіні, ақшалай қаражатын сақтандыруымен айналыспайтыны, сондай-ақ, халықпен ақшалай есеп айырысулар жүргізбейтіні жөнінде тағы да естеріңізге сала кеткім келеді.

– Сөз соңында айтарыңыз болса, ­мархаббат!

– Құрметті жерлестер, қадірлі әріптестер! Бүгін – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символына айналған Ұлттық валюта күні. Яғни, ел тарихындағы ерекше белес, тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы экономикалық шешімдерінің бірі болған төл теңгенің айналымға енгізілген күні. 1993 жылдың қарашасында қос қолымыз­ға алғаш тиген теңге – мемлекетіміздің егемендігін айқындаған нақты нышандардың бірі. Сол сәттен бері теңге еліміздің экономикалық даму жолында талай сын мен сынақтан өтіп, халық сенімінің, ұлттық тұрақтылық пен мемлекеттің қаржы жүйесінің берік тірегіне айналды. Теңгенің беріктігі – ел экономикасының қуаты мен халқымыздың еңбегінің нәтижесі. Осы айтулы күні қаржы саласының ардагерлері мен бүгінгі мамандарын, банк қызметкерлерін және ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген барлық азаматтарды шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің табанды еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз және ел алдындағы жа­уапкершіліктеріңіз ұлттық экономиканың дамуына, қаржы жүйесінің тұрақтылығына, халықтың сеніміне қызмет етуде. Әр шаңырақта ырыс пен береке орнасын, әр теңгеңіз есепті болсын! Еліміздің еңсесі биік, теңгеміздің қадірі арта берсін! Мерейлі мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button