Руханият

«Ұстаздық қылған жалықпас»

Рымкүл Бимендина – Консерватория бітірген қобызшы, дирижер.

Мектеп-интернат ашылысымен 1968-1972 жылдар аралығында қобыз бен домбырадан сабақ берген алғашқы ұстаздардың бірі. Одан кейін Қарағанды педагогика институтының, кейіннен ҚарМУ-дың музыка факультетінде, Қарағанды музыка училищесінде (қазір Тәттімбет атындағы өнер колледжі) еңбек еткен ардагер ұстаз ҚР Тәуелсіздік жылдарының басында мектеп-интернатта қызметін қайта жалғастырды. Осында қобыздан сабақ береді және қобызшылар ансамбліне жетекшілік етеді. Жоғары білімді ұстазды Қарағандының корифейі десе де болады. Республикалық конкурстың үш дүркін лауреаты, Мәскеуде өткен мәдени ауыл шаруашылық көрмесінің медалімен марапатталған. Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Ертедегі қазақ күйшілерінің шығармалары туралы зерттеулері облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланып тұрады. Шәкірттері республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы.

Валерий Брусенцов мектеп-интернатта 1999 жылдан бастап баян, аккордеон аспаптарының оқытушысы ретінде қызмет етеді. Республикалық, халықаралық өнер сайыстарының көптеген жүлдегерлері мен жеңімпаздарын оқытып, тәрбиелеген бірегей ұстаз.

«Қазақстанның таңдаулы адамдары» энциклопедиясының «Таңдаулы ұл-қыздар» бөлімінің номинанты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ольга Токарева 30 жылдан астам арнайы фортепиано бөлімінде сабақ береді. Бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлерін баулып, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдаған майталман. Шәкірттері жыл сайын симфониялық оркестрмен «Шалқыма» концерт залының сахнасына шығады.

Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімінің «Өнер сайыстарына лауреаттар мен дипломанттар дайындағаны үшін» және «Қазақстанның жаңа қоғамын құру ісіндегі еңбегі мен шығармашылық жеке үлесі үшін» грамоталарымен марапатталды.

Қарлығаш Тишмағанбетова 1976 жылдан бері қобыз пәнінен сабақ береді. Көп жылдар бойы халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі болды. Ауылдық жерлердің өнерге бейім балалары үшін қазақ сыныптары бөлімін ашу туралы бастама көтерген ұстаздардың бірі. Шәкірттері республикалық, халықаралық өнер сайыстарында жыл сайын бір емес, бірнеше рет жүлделі орындардан көрініп жүр. Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімінің «Өнер сайыстарына лауреаттар мен дипломанттар дайындағаны үшін» және «Қазақстанның жаңа қоғамын құру ісіндегі еңбегі мен шығармашылық жеке үлесі үшін» грамоталарының иегері.

Жеңіс Сәрсенбеков мектеп-интернатта тәуелсіздік жылдардың басынан халық аспаптар бөлімінде домбыра пәнінен сабақ береді. Өзіне де, оқушыларына да қатаң талап қоя білетін, жауап­кершілігі мол мұғалім. Табанды еңбегі мен тәжірибесі арқасында оқушыларының орындаушылық қабілетіне, кәсіби деңгейінің өсуіне, сахна мәдениетін сақтауына мән беріп, жоғары талап қоюмен ерекшеленеді. Жеңіс Дайырұлынан сабақ алған шәкірттер республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдесіз қайтқан емес. Жасампаз ұстаз 2010 жылы Ы.Алтынсарин атындағы төс белгімен марапатталды.

Әзірлеген Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button