БілімЖаңалықтар

Ұстаздық пен ғылымды қатар үйлестірген Нұрсахан Бейсенбекова – 75 жаста

Қазақстан тарихы ғылымының дамуына, ұлттық танымның жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, ұстаздық пен ғылымды қатар үйлестіріп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген, білім мен парасаттың дәнін сепкен тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрсахан Бейсенбекова мерейлі 75 жасқа толды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің тарих факультетінде ғалымның мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Мерейтойда ардагер ұстаздар, үзеңгілес әріптес достары, шәкірттері мен университет ұжымы бас қосып, ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан Нұрсахан Ахметқызының атын ерекше ардақтап, мерейін тасытты. Бұл күн алғаусыз ақ тілектердің шын ниетпен ағыл-тегіл ақтарылған күні болды. 

Сурет ұйымдастырушылардан

Ғалымның өсіп-өнген, қанат бітірген ортасы, ғибратты жолын тұғырлы еткен киелі шаңырағы – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті. Саналы ғұмырында Нұрсахан Ахметқызы университеттің қаншама буын шәкірттеріне білім дәнін септі, олардың ғылымдағы жолын ашты. Бүгінде бір өзі мәуелі бәйтеректей. Оның дәлелі – кеше мерейтойымен құттықтап, саясына жиылған шәкірттерінің көптігі еді. Бүгінде оның алдынан өткен шәкірттер өңірге ғана емес, бүкіл елімізге белгілі азаматтар. Тіпті
кейбірі шетелде еңбек етіп жүр. Бөкетов университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Еркебұлан Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілек арнады.

– Нұрсахан Ахметқызы – таусылмас энергияға ие, өне бойы патриоттық рухқа толы, жүрегі ашық жан. Ол – біздің жастарға нағыз үлгі боларлық тұлға. Ол ұзақ жылдар бойы зерттеу орталығының қызметі, жобаларды құрастыру жұмыстары аясында өте көп еңбек атқарды. Бұл жұмыс мектеп оқушыларынан бастап, әріптестерімен бірлесіп, конференцияларға қатысу, ірі халықаралық іс-шараларға қатысу арқылы жүзеге асырылды. Ұрпақ үшін игілікті іс атқардыңыз. Осы игі істі келер буын әрі қарай жалғастыра береді деген үміттемін. Сіз факультет көлемінде ғана емес, түрлі қызмет салаларында белсенді жұмыс істедіңіз. Мерейтойыңызға жиналған, тілек білдіруге келген қауымның көптігі – сол еңбегіңіздің айқын дәлелі, – деді Еркебұлан Мұратұлы.

Ол мерейтой иесіне университет ректоры Нұрлан Дулатбековтың атынан Алғыс хат пен гүл шоғын табыстады. Сондай-ақ, университет тарапынан сыйлықақы берілетінін атап өтті. Салтанатты жиынға Қараған  ды қалалық мәслихатының төрағасы Алтынтөре Бөкенов қатысып, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Құдайберген Бексұлтановтың ғалымның мерейтойына құттықтауын жеткізіп, мәслихат депутаттарының атынан сыйлық табыстады.

– Сіздің бастамаңызбен құрылған «Тұлғатану» зерттеу орталығы – қазақ руханиятына қызмет етіп
келе жатқан іргелі орда. Бұл орталық арқылы сіз ұлттың ұлы тұлғаларын, өмірі мен мұрасын зерттеп, олардың өнегесін жас ұрпақ санасына сіңірдіңіз. Осы мерейлі сәтте зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт тілеймін, – делінген Мәжіліс депутаттарының құттықтау хатында.

Сонымен қоса, мерейтойда облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаевтың құттықтау хатын оқып, гүл шоқтарын табыс етті. Құттықтау хатта Алаш қозғалысын жаңаша баяндап, Тәуелсіз Қазақстанның тарихын қалыптастыруға қосқан өлшеусіз еңбегі аталған. «Сізді халық зиялы тұлға ретінде ғана емес, ұлағатты ұстаз, шынайы ғалым ретінде, ел ісін биік қоятын абзал жан ретінде құрметтейді. Ел сізді «Нұр апай» деп ардақтап, үлкендер сый, кішілер үлгі тұтады», – делінген.
Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қиясова Нұрсахан Ахметқызына алғаусыз ақ тілегін айтып, Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан мерейтой иесіне шапан кигізді. Қарағанды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова мен мектеп директорлары арнайы құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаевтың құттықтауын жеткізді. Бақытгүл Әбдікерова тарихшы ғалымның білім саласын дамытуға мол үлес қосқанын айта келе, Нұрсахан Ахметқызына арнап шығарылған республикалық деңгейдегі «Заманауи білім» журналын табыс етті.

Ғалымның толық өмірбаяны, жүріп өткен жолы, елге сіңген еңбегі журнал санында жарық көрді. Сонымен қоса, ақын Айнұр Жаппарқұлова «Нұр сәулелі Нұр апай» атты өлеңін оқып берді. Теміртаудағы қыздар гимназиясының директоры Алмагүл Құсайынова арнайы келіп, Нұрсахан Ахметқызының мектепке музей ашуға көмек көрсеткен еңбегін атап өтті. Мерейтойына ізгі тілегін арнап, гүл шоқтарын сыйлады. Мерейтойға жиналған қауым Нұрсахан Бейсенбекованың тарих ғылымына қосқан үлесі, терең білімі және зерттеушілік еңбегін жоғары бағалап, өзгелерден ерек адами болмысын аша түсті. Нұрсахан Ахметқызының ұстаздық жолы – жас ғалымдар мен білім алушылардың бірнеше буынына үлгі. Тіпті, ғалымның шетелдегі шәкірттері де бейнежолдау арқылы мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізіп жатты. Бұл мерейтой жақсының жақсылығы айтылған, елге сыйлы жанның мерейін тасытқан ерекше күн болды. Біз де ғалым-ұстаз Нұрсахан Ахметқызына ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз!

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button