Тассуат ауылында Зәуреш Мұстафақызы атындағы оқу сыныбы ашылды
Мұғалім күні мерекесі қарсаңында Нұра ауданына қарасты Тассуат ауылындағы академик Кәрім Мыңбаев есімін иеленген орта мектепте Зәуреш Мұстафақызы Омарованың атындағы оқу сыныбы ашылды.

Бүкіл еңбек жолын ұстаздыққа арнаған З.Омарова осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып үздіксіз қызмет жасады. Зәуреш Мұстафақызын тассуаттық тұрғындардың бірнеше буыны жақсы біледі. Оның ашық сабақтарына сан мәрте қатысқан аудандық білім бөлімінің басшылары мен мамандары пәнді жетік білуін, жоғары педагогикалық ұстанымы мен өте мықты принципшілдігін атап көрсететін. Оқушылары оны «жүрегі мейірімді қатал мұғалім» деп атайтын еді. Ол талай шәкіртінің тағдырын педагогикамен байланыстыруына ықпал жасап, үлгі-өнеге көрсетті. Оның барлық ғұмыры балаларға, мектепке және отбасына арналды. Керемет ана, қамқор әже бола жүріп тәлімгер ұстаздық парызын адал атқарды.
Жұбайы, дәрігер Көшкінбай Омаров екеуі Тассуат ауылына (ол кезде Индустриальный аталған) жас маман болып келген еді. Олардың барлық өмірі осында, сүттей ұйыған көрші-қолаңның ортасында өтті. Көшкінбай мен Зәурештің тату отбасында үш бала мен немере тәрбиеленді.
Академик Кәрім Мыңбаев есімін иеленген орта мектепте Зәуреш Мұстафақызы Омарованың атындағы оқу сыныбы ашылуы мекеме мен ауыл және Омаровтар әулеті үшін мәні үлкен оқиға болды. Енді тамаша педагогтың есімі мектеп тарихына мәңгілікке жазылды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Нұра ауданы