Ұстаздарды ұлықтаған ұландықтар
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінің жеке құрамы Ұстаздар күніне орай білім ордаларының ұстаздарын құттықтап, мерекелік кешке қатысты.

Әрбір мамандықтың бастауы – ұстаз. Бала жүрегіне білім шуағын себіп, келешекке жол сілтейтін ардақты жандарды ұлықтау – елдік парыз. Осы орайда, 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қала мектептерінде еңбек етіп жүрген мұғалімдерге ыстық ықыластарын білдірді.
Мерекелік шарада офицерлер мен әскери оркестр ұжымы ардақты ұстаздарға арналған әсем әндер мен рухты әуендерді орындады. Сонымен қатар, әскери қызметшілер жылы лебіздерін жеткізіп, педагогтардың қоғамдағы еңбегін ерекше атап өтті.
Кеш барысында бірқатар ұстаздарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар – ұстаздардың тынымсыз еңбегіне берілген лайықты баға әрі әскери ұжымның азаматтық құрметінің көрінісі.
Осындай тағылымды шара ұстаздар мен ұландықтардың арасындағы өзара сыйластықты арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің үлгісіне айналды.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметі