Спорт

Қарағанды техникалық университетінде «Сергектік пен денсаулық – 2026» спартакиадасы өтіп жатыр

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде профессор-оқытушылар құрамы арасында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Сергектік пен денсаулық – 2026» спартакиадасы өтіп жатыр. Университет ұжымының салауатты өмір салтын ұстануына серпін беретін спорттық іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Білім ордасының әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректоры Абай Қалықов жыл сайын өтетін спартакиаданы ұстаздар асыға күтетінін айтты.

– Аталған спартакиаданың басты мақсаты – профессор-оқытушылар құрамының денсаулығын нығайтып қана қоймай, күнделікті қарбалас қызмет барысында дене шынықтыру мен спортты тұрақты серік етуге үндеу. Сонымен қатар, іс-шара ұжым мүшелерін бір арнаға тоғыстырып, командалық рухты қалыптастыруға, әр факультет арасындағы серіктестік пен достық қарым-қатынасты арттыруға ерекше ықпал етуді көздейді. Университет басшылығының қолдауымен ұйымдастырылған жарыстарға барлық құрылымдық бөлімшелерден командалар қатысып, спорт алаңдарында өзара бақ сынады, – деді Абай Қалықов.

Биылғы спартакиада бағдарламасы дәстүрлі және зияткерлік спорт түрлерін қамтыды. Атап айтқанда, футзал, волейбол, үстел теннисі, шахмат, арқан тарту, сондай-ақ, ұлттық зияткерлік ойын саналатын тоғызқұмалақ бойынша өтуде. Мұндай әралуандық қатысушылардың жас ерекшелігі мен спорттық дайындығына қарамастан, әрқайсысына өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашып отырғандығын айтады ұйымдастырушылар.

Спорттық іс-шара барысында тек жарыс қана емес, ұжымдық бірлікті арттыратын түрлі кездесулер мен бейресми форматтағы достық сайыстар да ұйымдастырылуда.

Жарыс қорытындысы бойынша, футзалдан «Дене тәрбиесі» кафедрасы, 1-ші корпус командасы, бас корпус командалары жеңімпаздар қатарынан көрінсе, шахматтан 1-ші корпус командасы, тау-кен факультеті мен «Дене тәрбиесі» кафедрасы жүлдегер атанды.

Волейбол, үстел теннисі, арқан тарту және тоғызқұмалақ бойынша жарыстар қаңтар айы бойы жалғасады.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button