Ұстаздар мен кеншілердің МӘМС жүйесіндегі мәртебесі қайтарылды
222 мыңнан астам жұмыс істейтін қазақстандық ұзақ мерзімді демалысқа шығып,олардың ішінде кеншілер мен педагогтар МӘМС жүйесіндегі мәртебесін жоғалтып алған болатын. Қазіргі таңда барлығына мәртебелері қайтарылды. Бұл туралы Қарағанды облысының білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, мемлекеттік кірістер департаменті және өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерімен өткен кеңесте ӘМСҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдар Нұрәлиев мәлімдеді.
МӘМС-те сақтандыру үшін 12 ай ішінде төлемдер болуы керек. Пандемия кезінде екі рет төлемді өткізіп алған жағдайда қызметкердің мәртебесін сақтау нормасы енгізілді. Сонымен, 30 күннен астам демалыста жұмыс берушілер екі айға бір төлеммен жарна төледі, бірақ жұмысшылар сақтандырылған күйінде қалды. 2023 жылдың қазан айында бұл норма күшін жоғалтты.
2023 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өткен жылы бір немесе екі төлемсіз сақтандырылмаған жұмысшылардың тізімдерін құрды. Нәтижесінде 221,8 мыңнан астам адам өз мәртебелерін қалпына келтірілді. Оның ішінде Қарағанды облысы бойынша 14,8 мың қызметкер бар.
– Егер адам бір жылдан астам жұмыс істесе, ол сақтандырылуы керек. Қайталанған оқиғаның алдын алу үшін қызметкерлерімді оқытуды сұраймын. Біз өз кезегінде енгізілетін түзетулер бойынша түсініктеме беріп, сіздермен байланыста боламыз, – деп атап өтті Айдар Нұрәлиев.
Бұл ретте МӘМС-ке аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару қағидаларына ұзақ демалыстар кезеңіндегі төлемдер тетігін нақтылайтын қосымша норма енгізіледі. Бұйрықтың жобасы құзыретті мемлекеттік органдарда келісіледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері МӘМС-ке аударымдарды айлар бойынша бөлу мұндай жағдайда ЖТС және әлеуметтік салықты есептеуге, сондай-ақ декларацияны ұсыну тәртібіне әсер етпейтінін атап өтті.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz