Ұстаз ұрпақ тәрбиелейді
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқу бағдарламаларының сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деген еді. Бұл жұмыстар бүгінгі таңда кеңінен қолға алынуда.
Білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін қайта қарастыру бұл – білім мазмұнын жаңарту. Сөйтіп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсете білетін тұлғаны дайындау. Сондықтан, қазіргі уақытта дайын білімдерді игеру мен жалпылау мақсат емес, ол адамның интеллектуалды дамуының көмекші құралы болып табылады. Ал, қажетті ақпаратты өз бетінше табу, проблемасын анықтап, оны шешу жолдарын іздестіру, алынған білімді сын тұрғысынан талдай білу және оны жаңа тапсырманы орындау кезінде қолдану – жаңартылған білім мазмұнының нәтижесі болмақ
2016-2017 оқу жылында бірінші сынып оқушыларының жаңартылған білім мазмұнына көшуіне байланысты, екі жыл қатарынан «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы» тақырыбы аясында ұстаздарға арналған білім жетілдіру курстары өткізілуде. Биылғы 10-28 шілде аралығында педагогикалық шеберлік орталығының Қарағанды филиалында өткізілген мұндай шараға Жезқазған, Қаражал қалалары мен Бұқар жырау, Жаңаарқа, Ақтоғай, Шет аудандарынан және Шахан кентінен келген мұғалімдер қатысты. Тыңдаушылар үшін үкімет тарапынан степендия тағайындалып, арнайы білім алу жағдайы жасалды. Қарағанды қаласындағы № 97 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша тренер Дария Жашенова білімді функционалдық және шығармашылық тұрғыда қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникативтік дағдыларды пайдалану, түрлі коммуникация тәсілдерін қолдану туралы ауқымды мағлұмат берді. Бұдан бөлек, топта және жеке жұмыс істеу ептілігі жетілдірілді. Критериалды бағалау жүйесін енгізудің мақсаты мен міндеттері айқындалып, соның негізінде білім алушылар жетістігі туралы шынайы ақпарат алу және оқу үдерісін жетілдіре түсуге қатысты көп ойлар айтылды. Келешек жас ұрпақ табысты, заманауи технологияны жетік меңгерген азамат болуы үшін, жаңартылған оқу бағдарламасына сай оқытудың белсенді әдіс-тәсілдерін пайдалану – әр ұстаздың басты мақсаты.
Г.ИГЕМБАЕВА,
Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы
мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі.
ШЕТ ауданы.