Ресми

Ұстаз миссиясы және Конституциялық құндылықтар

Қазақ халқы «Ұстаз – ұлы есім» деп бекер айтпаған. Себебі мұғалім – көкірекке білім шырағын жағып, сананы сәулеге бөлейтін, ел болашағының іргетасын қалайтын тұлға. Ұстаздың әрбір сөзі – шәкірт жүрегіне себілген дән. Ал сол дәннің жемісі – ертеңгі кемел қоғам.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде біз оқушыға тек білім берумен шектелмейміз. Біз сөздің салмағын сезінуді, ойды көркем әрі жүйелі жеткізуді, ұлттық құндылықтарды қастерлеуді үйретеміз. Өйткені тіл – ұлттың жаны, әдебиет – халықтың рухани жады. Тілін құрметтеген ұрпақ қана тарихын таниды, мәдениетін бағалайды, елдік мүддені түсінеді.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Бүгінгі білім мен тәрбие мәселесі мемлекетіміздің Ата Заңында нақты көрініс тапқан. Жаңартылған Конституцияда адам құқығы, білім алуға тең мүмкіндік, әділетті қоғам құру қағидаттары айрықша атап көрсетілген. Бұл – тек құқықтық норма ғана емес, ұлт болашағына бағытталған стратегиялық ұстаным. Конституциялық саясаттың түпкі мәні – заң үстемдігін орнықтыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және әрбір қазақстандықтың құқығын қорғау.
Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформалар қоғам өмірінің барлық саласына серпін берді. Әсіресе, білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар ұстаз мәртебесін көтеріп, мұғалім еңбегін бағалауға нақты қадам жасады. Бұл – сапалы білім мен саналы тәрбиеге салынған инвестиция. Қағазбастылықтан арылып, шәкіртке көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туындады. Мұғалімнің басты миссиясы – есеп беру емес, ел ертеңін тәрбиелеу екені айқындалды.
Заңды құрметтеу, әділдікке ұмтылу, жауапкершілікті сезіну – мұның бәрі мектеп қабырғасынан басталады. «Тура биде туған жоқ» деген халық даналығы заң үстемдігін қашанда жоғары қойғанымызды аңғартады. Сондықтан біз сабақ барысында оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға, әділдік пен адалдық қағидаттарын санасына сіңіруге баса мән береміз.
Бүгінгі шәкірт – ертең ел тізгінін ұстайтын азамат. Әр баланың қабілетін дер кезінде танып, оны дамыту – ұстаздың қасиетті парызы. Ұстаз үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің биікке самғауы, қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасуы.
«Ел болам десең – бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Сол бесікті түзейтін – мектеп, ал мектептің жүрегі – ұстаз. Ендеше, білімнің шамы сөнбей, заң мен тәртіпке негізделген, ұлттық рухы биік, жауапкершілігі зор ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл жолдағы табандылық пен бірлік ел ертеңін баянды етері сөзсіз.

Жанкелді ТУХТАМУРАДОВ
№19 жалпы орта білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Басқа материалдар

Back to top button