Жаңалықтар

Ұстаз мерейі еңбекпен өлшенеді

Ұстаздық жай ғана мамандық емес, ол адамның ішкі мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін айқындайтын қасиетті жол. Осы жолды саналы түрде таңдап, адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген жандардың бірі – ағылшын тілі пәнінің білікті мұғалімі, оқу ісінің талапшыл әрі ұқыпты меңгерушісі Бағдат Тұтқышева.

Сурет автордан

23 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар Бағдат Төлегенқызы үшін басты ұстаным – үздіксіз кәсіби даму мен ізденіс. Ауыл мектебінде еңбек ете жүріп, халықаралық деңгейдегі әдістемелерді меңгеруі, шетелдік курстарға қатысуы – оның білім сапасын арттыруға деген жауап­кершілігін айқын көрсетеді.

Дублин қаласында өткен халықаралық әдістемелік курстан алған сертификаты – педагогтің кәсіби деңгейінің жоғары екенінің нақты дәлелі. Бұл – ауыл мұғалімінің де әлемдік білім кеңістігіне еркін ене алатынын көрсететін жарқын мысал.

Ұстаз еңбегі халықаралық, рес­публикалық, облыстық және аудандық деңгейде лайықты бағаланған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хаты – көпжылдық табанды еңбектің мемлекеттік деңгейде мойындалуының айғағы.

Сонымен қатар, «Жылдың үздік ұстазы» аудандық кезеңіндегі бас жүлде, Шет ауданы білім бөлімінің, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Алғыс хаттары педагог беделінің биік екенін көрсетеді.

Бағдат Төлегенқызының ғылыми-әдістемелік бағыттағы жетістіктері де ерекше. Бірнеше жыл қатарынан Дулати халықаралық педагогикалық оқуларында жүлделі орындарға ие болып, «Үздік мультимедиалық өнім», «Үздік оқу-әдістемелік құрал» номинациялары бойынша ІІ орын, «Үздік инновация­лық сабақ» номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленді.

«Менің педагогикалық қоржыным» байқауындағы жүлделі орындар – оның әдіскерлік шеберлігінің айқын дәлелі. Ал, ғылыми мақалалары мен әдістемелік әзірлемелерінің республикалық басылымдарда жариялануы – кәсіби қауым тарапынан берілген жоғары баға.

«Ұлы дала ұстазы» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналындағы «Үздік автор» атағы, облыстық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауындағы І дәрежелі диплом, республикалық «Үздік буктрейлер» байқауындағы І орын – жаңашыл ойлау мен кәсіби талдаудың нәтижесі.

Авторлық бағдарламасының Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында сәтті қорғалып, оң сараптамадан өтуі – үлкен жетістік әрі ұстаз еңбегінің ғылыми негізде мойындалуы.

Педагогтің кәсіби қызметіндегі басты жаңалығы – «Эссе жазып үйренейік» авторлық бағдарламасы мен «Эссе жазудың тиімді жолдары» әдістемелік жинағы. Бағдарлама жалпы орта білім беретін ұйымдарда оқу процесін ұйымдастыруға арналған әдістемелік нұсқау хаттар мен мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттауына арналған ұсынымдар негізінде әзірленген.

Мұнда эссе жанрының ерекшелігі, құрылымы, әр бөлімге қойылатын талаптар мен сөз саны нақты жүйеленіп, оқушыларды сауатты, дәлелді ой жазуға үйретуге басымдық берілген. Бағдарлама мазмұны оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың зияткерлік, шығармашылық және эмоционалдық дамуына оң ықпал етті. Бұл мазмұнды, терең ойлы эсселер арқылы айқын көрініс табуда.

Бағдат Төлегенқызы тәрбиелеген шәкірттерімен де мақтана алады. Соның арасында Әлия Искакова облыстық пән олимпиадасында ІІІ орын иеленіп, ауыл мектептеріне арналған олимпиадада І орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Оқушының IELTS емтиханын С деңгейінде тапсыруы – ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі.

Сонымен қатар, педагог облыс­тық және республикалық деңгейде вебинарлар өткізіп, тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп келеді. «Өрлеу» ұлттық орталығы ұйымдастыр­ған вебинарларға қатысуы, ғылыми-практикалық конференциялар мен кәсіби жиындардағы баяндамалары – оның кәсіби белсенділігін дәлелдейді.

Әріптестерінің пікірінше, Бағдат Төлегенқызы өз ісіне адал, кәсіби жауапкершілігі жоғары, қазіргі сындарлы білім беру технологияларын жетік меңгерген, парасатты әрі талапшыл ұстаз. Ол оқу үдерісіне заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдерді жүйелі түрде енгізіп, оқушының жеке қабілетін дамытуға бағытталған жұмысты табысты жүргізіп келеді.

Осындай табанды еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде облыстық «Үздік педагог» атағына ие болды. Бұл – оның кәсіби шеберлігіне, адамдық болмысына берілген әділ баға.

Бану ТҮСІПХАНОВА
Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button