Ұстаз – ұлы есім
Бүгінгі мақаламыздың негізіне арқауы – Ержан Жүрсінұлы. Ол – Евней Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің дене мәдениеті және спорт факультетінде жиырма жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарған жан. Кеңес Одағының Қарулы күштері қатарында әскери борышын атқарып келгеннен кейін 1994 жылы дене мәдениеті және спорт факультетіне түсіп, 1998 жылы аталған оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шықты. Университет қабырғасында оқып жүргенде қоғамдық жұмыстар мен спорттық іс-шараларға белсене атсалысты, өз тобының старостасы болды және екінші курстан бастап, дене мәдениеті және спорт факультеті тағайындаған Бауыржан Момышұлы атындағы шәкіртақыны иеленді. Университетте оқып жүріп, футбол және күрестен спорт шеберлігіне үміткер атанды.
Педагогикалық еңбек жолын 1999 жылы Қарағанды қаласының №57 жалпы білім беретін мектебінде бастапқы әскери дайындық оқытушы-ұйымдастырушы лауазымында бастаған Ержан Жүрсінұлы 2001 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс кафедрасына оқытушылық қызметке шақырту алды.
Ерекең аталған оқу орнын таңдауы тегін емес еді. Асқақтаған армандар жетелеген жас жігітті арқа өңірі құшақ жая қарсы алды. Жас кезінен спортты өзіне серік еткен Ержан Жүрсінұлы футбол ойынын сүйіп ойнады және түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырды. Сол арқылы болашақ мамандарды тәрбиелей білді.
Бөкетов университетіне «Серпін» бағдарламасымен оқуға келген студенттерге футбол үйірмесін жүргізді. Студент жастарды спортқа баулып, облыс және республика деңгейіндегі бәсекелерде бақ сынатты. Жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Өзі жаттықтыратын студенттерді өзінің балаларынан кем көрмейтін еді және тиісінше студенттер де ағайларын құрметтей білді. Ұстаздарының айтқандарын бұлжытпай орындайтын жастар әр бейсенбі кешін асыға күтетін.
Ержан Жүрсінұлы факультеттің, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласты. Өзінің ұстаздық еңбек жолында факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары және факультеттің әдістемелік кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқара білді. Болашақ маман тәрбиелеумен қатар, саламатты өмір салтын ұстана білген Ержан футзалдан өтетін облыстық лигада бірнеше жыл өнер көрсетті.
Ғылым мен білімді ұштастыра білген ұстаз факультетте өткен халықаралық және республикалық конференциялардың ұйымдастырылуы мен өтуіне өзіндік үлес қоса білді. Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің белсенді мүшесі болған уақыттарда биік мінбелерден баяндама жасаған Ержан Қожамжаровтың бейнесі жадымызда мәңгі сақталмақ. Ол – бастапқы әскери дайындық мамандығы бойынша дайындалған бірнеше оқу-әдістемелік құралдарының авторы. Оның авторлығымен шығарылған «Бастапқы әскери дайындықтың оқыту әдістемесі» атты оқу құралын еліміздің барлық жоғары оқу орындары әлі күнге дейін оқу үдерісінде пайдалануда. Бұл – ардақты ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік бағасы.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Ержан Жүрсінұлының спорт саласына сіңірген көпжылдық еңбегін бағалай келе, 2019 жылы «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Бұл да болса, спортсүйер жанның ерен еңбегінің бағаланғаны деп сенімді түрде айтуға болады.
2024 жылдың 9 қарашасында Бөкетов университетінің «Жігіттің сұлтаны» спорт кешенінде Ержан Жүрсінұлын еске алуға арналған футзалдан турнир өткізілді. Еске алу турниріне Қарағанды облысы мен Астана қаласының ЖОО командалары қатысты. Достары мен ағайын-туыстары жиналған додалы жарыста Ержан Жүрсінұлын еске алып, марқұмға Құран бағыштады. Сағыныш сезімін басқандай болған әлеумет турнирді дәстүрлі түрде жылда өткізіп тұруға уағдаласты.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
Дене мәдениеті және спорт факультетінің ұжымы.