Жаңалықтар

Ұстаз ұлағаты

Келмеске кеткен Кеңестер Одағын дүр сілкінткен Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ қоғамында ана тілдің жай-күйі мен болашағы қызу талқыланып, мемлекеттік тіл мәртебесі күн тәртібіне қойылды. Сол жылы мен әскер қатарынан келіп, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде екінші курсты жалғастырып жатқанмын. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитындықтан да, тілге қатысты ақпаратқа құлағымыз түрік жүретін. Оқу ордамыздағы біздің мамандықта екі профессор, ғылым докторы Әбжан Құрышжанұлы мен Төлеу­бай Қордабаев дәріс оқитын еді.

Университеттің кезекті бір жиналысында қоғамды толғантып жүрген қазақ тілінің мәселесі қаралыпты. Елімізді шулатып келген Г.Колбиннің «Қазақ және орыс тілдерін оқытуды жақсарту» туралы Қаулысы шыққан. Әңгіменің негізгі өзегі сол болса керек. Бірнеше басшы мен қосшы мінберге шығып, тіл саясаты жөнінде айта келіп: «Орыс тілі – біздің, яғни қазақтардың, екінші ана тілі. Сондықтан мұны ұмытпауымыз керек», – деген сыңайлы ойларын білдіреді. Пікірталас қызған шағында өзінің баяу қимылымен мінберге көтерілген профессор Әбжан Құрышжанұлы ежелгі оғыздардың сазына ұқсас ерекше дауыспен: «Кешіріңіздер, сіздерді біраз уақыт тыңдап отырмын. Барлығыңыз қазақ тілі – ана тіліміз, орыс тілі – екінші ана тілі дегенді айтып жатырсыздар. Мен бұл пікірге келісе алмаймын. Адамда бір ғана АНА болады. Екіншісі – өгей шеше», – деген екен. Сол сөзден кейін бір сағаттай сыңар езу болып жиналыс­та сөйлеген шешендердің аузына құм құйылыпты деседі.

Осы оқиғаны естіген қазақ тілі деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген «Ана тілі» қоғамының мүшелері Әбжан Құрышжанұлын өзімізге ерекше жақын тарттық. Қарағандыда қазақ мектептері мен балабақша ашу мақсатында университет студенттерінің аталған қоғамға мүшелері үй-үйді аралап қол жинадық. Әлеуметтік сауалнамалар жүргіздік. Ұстазымыздан осы мәселелер бойынша көп ақыл-кеңес сұрайтынбыз. Бір күні осындай сұхбат барысында Әбжан ағай өзінің студенттік шағын, елуінші жылдардың аяғында болған дүрбелеңді ерекше толғаныспен еске алды. Хрущевтің қазақ жерін ту талақай етіп бөлмек болған әпербақан саясатын айтты. Сол шақтағы қоғамның наразылығын ұзақ әңгімеледі. Осыған қарсы жас ақын-композиторлар Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов «Менің Қазақстаным» атты ән жазды. Осы әннің мәтініндегі:

«Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Думанды бастады,
Далама қарашы!
Кең екен Жер деген,
Жерге дән шықты ғой,
Дән егіп терлеген
Қазағым мықты ғой!» – деген өлең жолдары Хрущевтің «Целинный край» деген атаумен жерімізді бөліп беру ойына орай, «біз де бидай еге аламыз, жерімізді бере алмаймыз» деген жауабы болатын. Бүгінгі таңда еліміздің әнұранына айналған ән қазақ радиосындағы патриот қызметкерлердің қайсарлығымен күн сайын таңертең бір, кешке бір эфирге шығып тұрғаны жайлы тебіреніспен баяндап берген еді. Ұстазымыз қоғамда болып жатқан өзгерістерге баға беріп, елімізде бір ғана тіл – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы керек екенін айтатын.

Профессор Әбжан Құрышжанұлы біздің оқу тобымызға «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәнінен дәріс оқыды. Түркі халықтары тілдеріндегі ортақ тұстар мен өзара айыр­машылықтарды нақты мысалдармен талдап, түсіндіретін. Орта ғасырлық жазба ескерткіштер мен әдеби мұралардың тілінде кездесетін грамматикалық ерекшеліктерді қазіргі қазақ тілімен салыстыратын еді. Тіл тарихының маманы танымал ғалымнан білім алғанымды мақтан етемін.

Ғалымның зерттеулері түркітану ғылымында жаңа өрістер ашты. Көне түркі мәтіндерінің тілдік құрылымдары, грамматика мәселелері, түркі тілдерінің өзара байланыстары мен тарихи дамуына жан-жақты ғылыми сараптама жасады. Ғалым «Кодекс Куманикус» және басқа да көне жазба ескерткіштерді ғылыми айналымға енгізіп, олардың тілдік жүйесін жан-жақты зерделеді. Тіл білімі саласындағы зерттеулері қазақ тілі тарихының терең қабаттарын танып білуге жол ашты. Ұлттық тілтану ғылымында өзіндік із қалдырды.

Әбжан Құрышжанұлы – қазақ филологиясы мен түркітану ғылымындағы көрнекті тұлға. Оның тіл тарихы, көне түркі және қыпшақ жазба ескерткіштерін зерттеу саласындағы еңбектері ғылым үшін аса құнды. Ғалымның жұмыстары бүгінгі және болашақтағы зерттеушілерге бағыт-бағдар болатыны анық.

Амангелді МАМЫТ,
Жұмабек Тәшенев атындағы университеті
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к.

ШЫМКЕНТ

Басқа материалдар

Back to top button