“… Сол күннен бастап Евней ағаның шәкірті болу бақыты бұйырды”
Евней Арыстанұлы Бөкетов 1960 жылы Қарағанды қаласындағы Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының директоры қызметіне тағайындалды. Осы уақыттан Евней Бөкетовтің жеке ғылыми және ұйымдастырушылық қызметі басталады деп айтуға болады.
Евней Арыстанұлы Бөкетов – көрнекті ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, белгілі жазушы, аудармашы, әдебиет сыншысы, публицист, Қазақстандағы ғылым және жоғары білім беру ісінің дарынды ұйымдастырушысы. Сарыарқаның төсінде Евней Бөкетов ғалым, жазушы болып қалыптасты.
Мен де – Евней Арыстанұлының көзі тірісінде дайындаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарының қатарындағы көп шәкірттерінің бірімін. Сондықтан бұл естелік мақаламда аяулы ұстазымның ұмытылмас өнегесі, ол кісімен әр кезеңде бірге болған сәттерде көріп-білгенім, көкейге түйгенім жайлы сөз қозғамақпын.

…Әлі есімде, 1966 жыл, тамыз айының 15-жұлдызы болатын. Бұл Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін физика-химия мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтап, жолдамамен Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының (ХМИ) директоры Евней Арыстанұлы Бөкетовтің қабылдауына келген күнім. Бұрын сырттан білсем де, тілдеспеген едім. Кабинетке кіргенімде нар тұлғалы, келісті жігіт ағасы жылы шыраймен қарсы алды. Мән-жайды білді, майда қоңыр дауысы, құлаққа жағымды үнімен бірден баурап әкетті. Алға қойған мақсатымды, ғылымның қай саласымен айналысқым келетінін білген соң, қасыма бір ғылыми қызметкерін қосып беріп, институт зертханаларына экскурсия жасатқызып, таңдауды өзіме қалдырды. Мен Евней ағаның алдына қайта оралып, сирек және бытыраңқы элементтер зертханасында жұмыс істеуді қалайтынымды айттым. Сөйтсем, ол зертхананың меңгерушісі де Евней Арыстанұлының өзі екен. Сол күннен бастап Евней ағаның шәкірті болу бақыты бұйырды. Ғұлама ғалым алғашқы жүздесуде-ақ мына мәселелерге назар аударуды тапсырды. Біріншіден, химия мен металлургия саласындағы ғылымды тереңірек меңгеру үшін әрбір зерттеуші кен жыныстары мен өнеркәсіп өнімдеріне химиялық анализді өзі жасай білетін дәрежеде болу керектігін ескертті. Екіншіден, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыра жүргізу талабын қойды. Ең соңында, тар ғылым шеңберінде шектеліп қалмай, көркем әдебиет, мәдениеттен хабардар, жан-жақты білім иесі болуыма тілек білдірді. Кейін араласа келе, осы қасиеттер Евней ағаның бойынан табылатынына көзім жеткендей болды. Маған талап қоюмен бірге менің оларды орындауыма жағдай жасады. ХМИ-дың аналитикалық химия зертханасында бір-екі ай тағылымдамадан өткізіп, сол жылы күзде мені Балқаш кен-металлургия комбинатына іссапарға жіберіп, мыс өндірісінің технологиялық процестерімен толық танысуыма мүмкіндік жасады. Таза мыс алғаннан кейін мыс электролиттік шламның (қалдықтың) құрамында алтын, күміс, селен мен теллур сияқты сирек металдар, қорғасын, мырыш, басқа да бағалы металдар болады. Кейініректе мен Өзбекстандағы Алмалық, Ресейдегі Пышма мыс зауыттарында мыс электролиттік шламнан селен алудың жаңа электрохимиялық технологиясын өндірістік сынақтардан өткізуге тікелей қатыстым.
Евней Арыстанұлының шәкірттері бола жүріп, біз өзімізді химия және металлургия саласында әртүрлі мәселенің жиынтығымен айналысып жүрміз деп ойласақ керек. Әсіресе күкірт, селен, теллур, мышьякты зерттеу қарқынды дамыды. Біз өзімізді «селеншілер» және «мышьякшылар», «гидридтер» және «пириктер», химиктер және металлургтер, теоретиктер және практиктер, технологтар және аналитиктер деп бөліп жүрдік. Ал, Евней Арыстанұлының бір өзінде осылардың барлығы да бар еді. Ол осы жеке бағыттарды бір қуатты ғылыми бағытқа біріктіріп, оған Менделеевше терең мағыналы «Халькогендер мен халькогенидтердің химиясы және технологиясы» деген атау берді. Сөйтіп осы саладағы зерттеулердің қазақстандық мектебінің және осы аттас проблемалық зертхананың негізін қалады.
1960-1972 жылдары ХМИ-дың директоры болған Евней Арыстанұлының жетекшілігімен Орталық Қазақстанда академиялық ғылым зор қарқынмен дами бастады. ХМИ-дағы түсті металлургияның түйіршіктелген материалдарын шахталық күйдіруден өткізу және күкірт, селен, теллур (халькогендер), мышьяктың қатысуымен автоклавтық гидрохимиялық процестер атты екі негізгі тақырып бойынша зерттеу нәтижелері зор ғылыми және практикалық маңызға ие болды. Алғашқы КСРО-ның авторлық куәлігі алынып, монография жарыққа шықты. Осы зерттеулердің негізінде Евней Бөкетов 1966 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Институтта электрохимиялық зерттеулер басталды. Шахталық күйдіргіш пештері Ресейде, Жезқазғанда, Жамбыл зауыттарында өндіріске енгізілді. 1967 жылы Монреаль қаласында (Канада) Дүниежүзілік көрмеге қатысты. 1969 жылы Балқаш кен-металлургия комбинатында мыс кендерін кешенді өңдеу технологиясын зерттеп, дамытып, өндіріске енгізуге қатысқаны үшін Евней Арыстанұлы Бөкетов ғылым мен техника саласы бойынша КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1970 жылы Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі, ал 1975 жылы толық мүшесі – академик болып сайланды. 1972 жылы республикадағы екінші – Қарағанды мемлекеттік университетінің тұңғыш ректоры болып тағайындалды.
1972-1980 жылдары ҚарМУ-да ректорлық қызмет атқарған кезеңінде Евней Арыстанұлының ғылыми-педагогикалық дарыны айқын көрінді. Ол университеттің бейорганикалық химия кафедрасының, ал 1976 жылы жаңа ашылған физикалық химия кафедрасының алғашқы меңгерушісі болып, кейін оларға өз шәкірттерін қойды. Е.Бөкетов бейорганикалық химия кафедрасындағы «Минералдық шикізаттарды кешенді өңдеудің теориялық негіздері» атты мемлекеттік бюджеттік тақырыптың тұрақты ғылыми жетекшісі болды, электрохимия бойынша оқу құралдарын жазды.
«Селен мен өлең – Е.Бөкетовтің егіз стихиясы» деп академик Зейнолла Қабдолов жазғандай, ұстазымның ғылымдағы негізгі бағыты менің ғылыми жұмысыма арқау болды. Аспирантурада оқығанымда да оның жетекшілігімен халькогендер химиясымен айналысып, 1975 жылы Ташкент мемлекеттік университетінде Евней ағаның жетекшілігімен «Халькогендердің сілті ерітінділерімен әрекеттесуін дифференциалды-термиялық анализ әдісімен зерттеу» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды ойдағыдай қорғадым.
1976 жылы Ұстазым, университет ректоры Евней Арыстанұлы ғылыми-педагогикалық қызметке ауыс деп ұсыныс жасады, мені бейорганикалық химия кафедрасына аға оқытушылыққа қызметке алды. Алғашқы дәрістерімнің біріне қатысып, ағалық ақыл-кеңесін айтып, қазақша айтқанда, батасын берген еді. Бір жылдан кейін доцент, 2003 жылдан бері профессор болып осы кафедрада қызметімді жалғастырып келемін.
«Менен кейін не болатынын білмеймін, бірақ мен еккен дәннің біреуі өз жемісін берсе, мен өзімді бақытты адаммын деп санар едім» деген Евней Арыстанұлының арманы жүзеге асты. Ұлағатты Ұстаз тазалықтың, әділдіктің, бекзаттықтың үлгісі болды. Евней Арыстанұлы Бөкетовтің өмірі әріптестерінің мәңгілік есінде, ізбасарлары мен шәкірттерінің ғылыми жаңалықтарында, университет аудиторияларында ғалымның даналығын ұғынатын жаңа буын – студенттерге жалғасуда.
Әлемдік ғылым биігіне көтерілген Евней Арыстанұлы Бөкетовтің ғибратты ғұмыры, ұлағаты, өшпес ғылыми, әдеби мұралары, жарқын бейнесі оның ізбасарлары мен шәкірттеріне ғана емес, бүгінгі және келешек жастарға да үлгі-өнеге болып қала бермек.
Кенжебек РҮСТЕМБЕКОВ,
Бейорганикалық және техникалық химия
кафедрасының еңбек сіңірген профессоры, х.ғ.д.,
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі