Ұстаз еңбегі елеусіз қалмайды
Қазақстанда педагогтердің құқықтарын қорғауға және олардың кәсіби жүктемесін азайтуға бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленуде. Мәжілісте қаралып жатқан «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында мұғалімдердің әлеуметтік желілерді міндетті түрде жүргізуінен бас тарту құқығын заңмен бекіту ұсынылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтің қоғамдағы орнын атап өтіп, мұғалімдерге тән емес жұмыстарға тартуға жол берілмеуі тиіс екенін айтқан болатын. Соңғы жылдары білім саласында мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған жүйелі реформалар жүргізіліп келеді. Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер – сол саясаттың жалғасы.
Заң жобасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 7-бабы жаңа редакцияда толықтырылып, педагогтің кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде онлайн-платформаларда аккаунт жүргізуден және онда материалдар жариялаудан, сондай-ақ, еңбек шартында немесе лауазымдық нұсқаулықта көзделмеген имидждік және өзге де жұмыстарды орындаудан бас тарту құқығы бекітіледі.
Депутаттардың айтуынша, бұл норма мұғалімдерді әлеуметтік желілердегі белсенділікке мәжбүрлеу тәжірибесін тоқтатып, олардың негізгі міндеті – білім беру үдерісіне толық көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Заң жобасын әзірлеушілердің түсіндіруінше, педагогтерді жеке парақшалар жүргізуге, түрлі жарияланымдар жасауға немесе қосымша тапсырмалар орындауға мәжбүрлеу жағдайлары кездескен. Енді мұндай міндеттер мұғалімнің келісімінсіз жүктелмеуі тиіс.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұған дейін мұғалім ең алдымен ұстаздық қызметпен айналысуы керектігін атап өткен еді. Оның айтуынша, педагог блогер, мобилограф, күзетші немесе чат модераторы болмауы тиіс. Мұғалім әлеуметтік желілерді тек өз еркімен жүргізуі керек.
Заң жобасында педагогтердің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған басқа да нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, қағаз және электрондық есептілікті қатар жүргізуге тыйым салу ұсынылады. Бұл мұғалімдердің құжат толтыруға кететін уақытын азайтып, оқу үдерісіне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, педагогтер оқушылардың мектептен тыс уақытта және сабақтан кейін жасаған құқық бұзушылықтары үшін жауапты болмайтыны нақты көрсетіледі. Бұл норма мұғалімдердің жауапкершілік шегін айқындап, олардың құқықтық қорғалуын күшейтеді.
Құжатта еңбек шарттарының құқықтық мәртебесін күшейту және педагог мәртебесі туралы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл мөлшерін арттыру да көзделген. Бұл шаралар білім беру ұйымдарында педагогтердің құқықтарын қорғаудың тиімді механизмдерін қалыптастыруға бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгерістер мұғалімдердің кәсіби беделін арттырып қана қоймай, білім беру сапасына да оң әсер етеді. Педагогтер негізгі қызметіне толық көңіл бөлген кезде оқыту нәтижесі де жақсара түседі.
Білім беру жүйесін дамыту – елдің болашағына салынған инвестиция. Мұғалім еңбегін қорғау мен қолдау бағытындағы заңнамалық бастамалар осы мақсатқа қызмет етеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



