«Ұстаз болу – жүректің батырлығы»
Неге екенін білмеймін, бірақ, мұғалім сөзі еске түссе, ғажайып бір күш бойымды билеп алады. Қандай қарапайым болып көрінгенімен, құдіретті сөздің астары қандай терең екенін жақсы білемін. Мағжан бабамыз «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген. Сондықтан, асыл жанды мұғалімнің орны әрқашан ерекше.
Қараңғылықта ай жарығы секілді бойымыз бен ойымызды жарықтандыра білген ұстаздың еңбегі зор. Жаңа оқу жылында мұғалім сыйлаған тәлім мен тәрбие – өмірдің негізі болып қала бермек.
Асыл жолда әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұстаздарымыз ұрпақтың келешегі үшін барын-жанын салған. Ірі тұлғалар мен зиялылардың көбі өмірлік жолын ұстаз болудан бастаған. Ақ пен қарасы ілесіп жүрген уақытта, дұрыс жолдан адаспай жүруге тек мұғалім ғана себепші деген тоқтамға келдім. Өзім де Алаш аманатын жалғастырып, ұстаздық жолды таңдап отырмын. Ұстаз мамандығы менің жаныма жақын.
Шексіз ғаламда 8 миллиардқа жуық адам ғұмыр кешсе, бәріне де мұғалім ауадай қажет. Қазіргі дамыған жаһандық дәуірде еліміздің болашағы тек білікті жастардың қолында. Ал жастардың білімге құштар болуы, әрине, ең әуелде ұстаздан. Әрбір бастаманың басы әрі негізі – ұстаздан. Сонда «Ғалым да, кенші де бас иетін, ұстазым бар сенің қасиетің» деген өлең жолдары әп-сәтте еске түседі.
Ұстаз боламын деп өзіне мақсат қойған адам ұстаздықтың түрлі құндылықтарды талап ететінін білуі шарт. Ыбырай бабамыз «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп сонау ХІХ ғасырда айтып кеткен-ді.
Өмір бойына азық болатын тәрбие беріп, шебер мaмaн қылaтын ұcтaз екенiн ешқашан ұмытпaйықшы. Қалай болғанда да «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деген сөздер бекер айтылмаған. Өмірде қарапайым жұмысшы, я болмаса биік шенді тұлға болсақ та, бiлiм атты алып теңізде балықтай епті болуға үйрете бiлген ұcтaзғa қaрыздaрмыз. Ұcтaз – ұлы тұлғa. Бiз оның aлдындa әрдaйым шәкiрт болып қaлa береміз.
Әділет АЙДАНБЕК,
М.Жұмабаев атындағы гимназияның
11 «А» сынып оқушысы