Таным

Ұстаз. Ғалым. Тұлға

Отандық тарихты зерттеп-зерделеуде Арқа жерінің тарихшы-ғалымдары сүбелі үлес қосуда. Соның ішінде, тарихи тұлғаларының тағдыры мен өмірі жəне қызметі туралы еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы сапта Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, тарих факультетінің профессоры Нұрсахан Бейсенбекова – Нұрапай ұстазымыз да тұр.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ұстазымыз Нұрсахан Ахметқызы бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Қапал ауданының Ақтұрма ауылында, Біржан сал мен ақын Сара айтысатын Ешкіөлмес тауының баурайында 1950 жылы дүниеге келген. Он жылдық мектепті сол ауылда үздік бітіріп, 1969 жылы С.Киров атындағы (қазіргі əл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы үздік аяқтайды. Кейін жолдамасын қолына алып, өмірлік серігі, археолог-ғалым, профессор Сағындық Жауымбаевпен бірге Қарағандыға ат басын тірейді. 1972 жылдың 1 наурызында Қазақ КСР білім министрлігінің Қаулысымен ашылған, ғалым, əрі ірі ұйымдастырушы Евней Бөкетов алғашқы ректоры болған Қарағанды мемлекеттік – бүгінгі ұлттық зерттеу университетіне жұмысқа орналасады.
Міне сол жылдардан бері ұзақ жыл, табан аудармай осы университет қабырғасында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тəлім-тəрбие беріп келеді. Бүгінде Нұрапай ұстаз – ғалым – ана – әже. Балалары Қанат пен Жайнагүл мемлекеттік қызметте, немере-шөбере сүйіп отырған өнегелі отбасы.
Ұстаз-ғалым Нұрапай тарих факультетінің студенттері мен магистранттарына Алаш қозғалысының тарихы, Отандық тарихтың тарихнамасы, Педагогикалық ойдың тарихы, Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты курстарынан дәріс оқиды. Ұстаз-ғалым ретінде әріптестерімен бірге мектеп оқушылары мен студенттерге арнап оқулықтар жазды. Атап айтсақ, «Қазақстан тарихының тарихнамасы», жалпы білім беретін мектептің 5-7 сынып оқушыларына арналған екі тілде «Өлкетану» оқулығы (2018 ж., Алматы, осы оқулық халықаралық конкурста үшінші орынға ие болды), «Алаш қозғалысының тарихы», «Қазақстан тарихының Отандық тарихнамасы», «Алаш зиялыларының еңбектерін оқы тудың әдістемесі», «Рухани мұра бағдарламасын оқытудың әдістемесі» атты оқулықтары студенттер мен оқушылар үшін құнды еңбекке айналған.
Нұрапай өзінің ұстаздық қызметінің бір бағыты ретінде Қарағанды қаласы мен облысындағы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев атындағы мектептермен және Қарқаралы, Балқаш, Саран, Шахтинск қалаларындағы мектептермен тығыз
шығармашылық байланыс орнатып, еңбек етіп келеді. Соның нәтижесінде, кеншілер қаласының ілгеріде аталған мектептерінде музей ашылды. Ұстаздық жұмысының тағы бір бағыты жастарға кәсіби бағытбағдар беру саласына арналған. Сондай жұмыстарының бірі қаламыздағы Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасы,
Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы және Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында «Алаш идеясы – Тәуелсіздік тұғыры», «Алаш идеясы және Әділетті Қазақстан», «Конституция – Тәуелсіздіктің негізі», «Біртұтас ұлттық тәрбие» атты арнайы дәрістерін оқып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді өзінің басты парызы санап, сол жолда жұмыс атқарып келеді. 51 жыл ұстаздық еңбегінің жетістігі мен нәтижесі мемлекет пен университет тарапынан лайықты бағаланып, бірқатар марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің еңбек сіңірген қызметкері» (2005 ж.), Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Қ.Жуасов атындағы сыйлықтың лауреаты (2010 ж.), ҚР Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» (2018 ж.) төсбелгісі, «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері» (2019 ж.) төсбелгісі, Қарағанды қаласының білім беру саласындағы ерекше жетістігі үшін «Әлімхан Ермеков» төсбелгісінің иегері (2020 ж.) сынды көптеген марапаттың иегері. Оқулық жазып, дәріс оқумен қатар, мерейтой иесі отандық ғылымда да елеулі еңбек атқарып келеді. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында көпжылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Қазақ ССР-ның Шығыс Еуропа елдерімен экономикалық мәдени байланысы» тақырыбында диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атағын алды (1993 ж.). Ұстаздық және ғылыми білімін жетілдіру жолдарында Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы және Индиядағы Джавахарлар Неру атындағы университеттерде өткен халықаралық конференцияларға қатысып, баяндама жасаған.
1995 жылдан бастап, бүгінге дейін Нұрапай студенттердің «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубын құрып, жастарды ғылымға баулып келеді. 2014 жылдан бері университеттегі «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры болып жұмыс атқарады. Орталықта 12 жыл қатарынан жас зерттеушілердің республикалық  құрылтайын ұйымдастырып, өткізіп жүр. Солардың бірегейі 2024 жылы Академик Е.Бөкетовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Тарихтағы тұлғалардың рөлі» атты жас зерттеушілердің Республикалық XI Құрылтайы десек болады. Жас зерттеушілерді ғылым жолында ынталандыру және академик Бөкетов есімін ұлықтау мақсатында өзінің қаражатынан марапаттар берілді. Жас зерттеушілердің құрылтайында жеңіске жеткен жастардың мақалалары арнайы «Тұлғалар тағылымы» атты жинақта жарияланып тұрады. Нұрапайдың ғылыми қызығушылығы тұлғалар тағдырына байланысты болғандықтан, зерттеу жұмыстарының барлығы осы бағытта жүруде. Осыған орай, 2008 жылы ҚР Мемлекеттік және Қарағанды облыстық аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2.5 млн теңге грант жеңіп алып, «Сарыарқаның ұлы азаматтары» атты монографиясы жарық көрді. 2022 жылы университетішілік конкурсқа қатысып, 4,5 млн грант жеңіп алып, «Ахмет Байтұрсынұлы – азаттық қозғалыстың рухани көсемі» жобасы бойынша ғылыми еңбек жазып, шығарды. 2023 жылы әріптестерімен бірге университетішілік ғылыми гранттық жобаға қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде «Адамдар тағдырындағы Қарқаралы өңірінің білім беру жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихы (ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ.)» атты монография жарияланды.
Ұстаз-ғалым Нұрапайдың ұстанымдарының бірі – жанында жүрген жақсы адамды қадірлеу.
Осы бағытта «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығында өзінің әріптестерінің мерейтойларына арнап «Өнегелі өмір» атты сериямен «Ұстаз. Ғалым. Тұлға» деген жинақ шығып тұрады. ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың тарихы Нұрсахан Ахметқызының ғылыми-зерттеу бағыттарының бірі болғандықтан, атақты Қарқаралы құзырхатының тарихына арналған бірнеше ғылыми мақала мерзімді басылым беттерінде, жоғары рейтингісі бар Scopus журналдарда жарияланды. Тұлғатанушы ғалым ретінде әріптестерімен бірге «Әлихан Бөкейхан – ұлт мақтанышы» (2016 ж.), «Нығмет Нұрмақов – тарихи
тұлға: Деректік және тарихнамалық талдау» (2020 ж.), «Орталық Қазақстанның тарихи тұлғасы:
Мұстақым Малдыбаев» (2020 ж.), «Культурное наследие этносов казахстана: история и современность (на материалах Центрального Казахстана)» (2021 ж.). 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы және бірнеше ғылым магистрі мен кандидатын дайындап шығарды. Ғылым жолындағы еңбектері үшін ұстазымыз «ҚР ғылымына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен (2019 ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (Президенттің Жарлығымен 17 наурыз 2022 ж., №15813), Ахмет Байтұрсынұлы төсбелгісімен (21 қазан 2024 ж.) марапатталды. Сонымен қатар, облыстық Сарыарқа телеарнасы арқылы «Тарих тағылымы» атты арнайы хабарды 2 жыл бойы жүргізіп отырды. Ғалым-ұстаз ретінде қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене қатысып, арнайы мекемелердің шақыруымен ғылыми дәріс оқып келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінде «Тәуелсіздік – тағылымы және Тәуелсіздіктің құндылығы» атты бірнеше дәріс оқыды. Алаш идеясын насихаттау мақсатында ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік қызметкерлерді дайындайтын академияда «Алаш – идеясы және әділетті Қазақстан» тақырыбында, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде өткен Республикалық ақсақалдар форумында «Алаш идесы – Тәуелсіз Қазақстан» секілді тақырыптар ұстазымыздың дәрістерінің мазмұнын құрайды. Осындай жұмыстары үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен, «Алаш Орданың 100 жылдығы» төсбелгісімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.
Ұстаз ретінде Нұрапайдың шәкірттері жанында жүріп, көптеген идеяны бойына сіңірді. Олардың қатарында Балапан Әбенов, Бота Әбенова, Досжан Амиров, Ералы Тоғжанов, Марат Тоғжанов, Асхат Аймағамбетов, Бақытгүл Абдикерова, Ляззат Шотбакова, Гулнара Смагулова, Сағымбай Ботпайұлы, Қойлыбай Асанов, Аманжол Әлтаев, Жарас Кенжеғали, Нұртас Смағұлов, Минара Амрина және тағы басқалары бар. Бұл шәкірттерінің көбі ғылым докторы мен кандидаты, Парламент депутаты және бүгінгі күні өзімен бірге ұстаз болып қызмет жасайды. Академик Е.Бөкетов атындағы университетте 51 жыл қызмет етіп, ұстаздық пен ғылымды ұштастыра жүріп, адами бақыттарға жетті.
Арқа жерінде бүгінде Нұрапай аталып кеткен ұстазымызды 75 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Құрметті ұстазымыз Нұрсахан Ахметқызы, мерейтойыңыз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, мол бақыт тілей отырып, аяулы ұстазымыз Сағындық Обайұлы екеуіңіздің шаңырақтарыңызға
құт-береке, ырыс пен байлық тілейміз. Ұрпақтарыңыз ордалы елге айнала берсін. Сіздер – шəкірттеріңіздің, ұжым мүшелерінің, достарыңыздың жəне ел мен жұрттың алғысына ие болған, үлкен құрмет пен қошеметке лайықты ғалым-ұстазсыздар!

Қанат БОДЕЕВ,
PhD доктор,
профессор ассистенті,
Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының
меңгерушісі
Меруерт ХИМАДИ,
педагогика ғылымдарының магистрі,
Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының
оқытушысы

Басқа материалдар

Back to top button