Жаңалықтар

Ұстаз. Ғалым. Тұлға

Тоқсан жылға жуық тарихы бар тарих факультетінде еліміздің екінші университеті атанған Қарағанды мемлекеттік университетінің негізін қалауға еңбек сіңірген, елу жылдан астам ғұмырын білім мен ғылым жолына арнаған бірегей ақсақалдардың шоғыры күні бүгінге дейін қызмет істеп келе жатыр. Қазыналы қарияларымыз біздің мақтанышымыз, ақылшымыз, олардың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі боларлық. Сол асыл ағаларымыздың бірі – Бітімбек Көпбайұлы Адамбек биыл 80 жасқа толып отыр.

Ол 1945 жылдың 10 наурызында Қарағанды облысы Шет ауданында туған. 1953 жылдан бастап, Қарағанды қаласында тұрып, №83 орта мектептің жетінші сыныбын бітіреді. Жастайынан еңбекке деген сүйіспеншілігімен, білімге деген құштарлығымен ерекшеленіп, болашақ тағдырын айқындаған.

1962 жылдан бастап ол кісі Ақтас кентінде №121-шахтада монтажник болып жұмыс істеп жүріп, 1965 жылы Ақтас­тың кешкі жұмысшылар орта мектебін бітіреді.

1966 жылы Бітімбек Көпбайұлы Қарағанды пединститутының тарих факультетіне түсіп, оны 1970 жылы ойдағыдай аяқтайды. Болашағынан зор үміт күттірген жас маман КСРО тарихы кафедрасына оқытушы ретінде қалдырылады.

Қарағанды педагогикалық институты ол жылдары үлкен дәрежеге жеткен білім ордасы еді. Оны жиырма жыл басқарған әйгілі Сейтқали Баймурзин – жас мамандарды даярлауда ерен еңбек сіңірген, университеттің ашылуының алғышарттарын қалыптастырған тұлға. Бітімбек ағамыз: «Алпысыншы жылдардың ортасынан бастап, Қарағанды да университет, консерватория ашылады деген әңгімелер айтылып жүрді» деп еске алады. Ал, жас маман ретінде қызмет істеп жүргенде университеттің ашылуына үлкен дайындық жұмыстары басталады. «1971 жылы университет ашылатыны белгілі болған соң біз күні-түні жұмыс істедік» дейді. Бітімбек Көпбайұлы сол кездердегі тарих факультетінің негізін қалаған аға буын ұстаздар – Михаил Богуславский, Қали Жуасов, Әлімжан Телғарин, Мырзағали Хасен, Нұрислам Фарфутдинов, Әсия Балабекова, Қаби Есимов тәрізді маңдай алды тарихшылармен бірге қызмет жасаған жылдарын ыстық ықыласпен айтып отырады.

Тағдырын университетпен байланыстырғаннан кейін Бітімбек Көпбайұлының өмірінің келесі маңызды кезеңі аспирантура болды. 1973-1976 жылдары Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасында білімін жалғастырып, ол қазақ халқының КСРО-ның басқа халықтарымен экономикалық және мәдени қатынастары туралы диссертациялық тақырыпты зерттеді. Сонымен қатар, барған кафедрасының шешімімен ол социалистік мемлекеттерден оқитын шетел студенттеріне СОКП және КСРО тарихы бойынша бір семестр бойынша сабақ жүргізді және үш жыл бойы Ленинград кәсіпорындарында саяси дәріс оқып, қаладағы үгіт-насихат жұмысына да белсенді қатысты.

1976 жылы диссертацияны мерзімінен бұрын қорғаған Бітімбек Көпбайұлы ҚарМУ-ге қайтып келіп, осында ұстаздық қызметін жалғастырып аға оқытушы және доцент дәрежесіне жетті.

Жас ғалым Бітімбек Көпбайұлы жаңа қалыптасып жатқан университет өміріне белсене араласып, бар күш-қайратын, ақыл-жігерін өзінің тарих факультетінің өркендеуіне жұмылдырды. Ол кездегі университет ректоры Евней Арыстанұлы Бөкетов, азамат соғысына қатысқан Қалжан Тұңғышбаев, алғашқы психолог ғалым Сәкен Балаубаев, ұлағатты ұстаз-филолог Қаби Лекеров тәрізді біртуар тұлғалардың көзін көрген, тәлім тәрбиесін үйренген Бітімбек Көпбайұлы өзінің де өмірлік қағидаларын қалыптастырған еді.

1991-1994 жылдары Бітімбек Көпбайұлы КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі, ал, 1994-1997 жылдары тарих факультетінің деканы кызметін атқарды.

Көп жылдық жұмысында ол кісі тарих факультетінің, университеттің және қала мен облыстағы қоғамдық жұмысқа белсенді қатысты, соған байланысты облыстық «Қазақ тілі» қоғамының президиум мүшесі, университеттің ғылыми кеңесінің мүшесі болды. Тарих факультетіндегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарды.

Жемісті ұстаздықпен бірге қатар Бітімбек Көпбайұлы кең түрде ғылыми зерттеу жұмысымен шұғылданды, ол кісі 50-ден астам университеттік, қалалық, облыстық және республикалық ғылыми конференцияларға қатысты. Сонымен қатар, Бітімбек Көпбайұлы «XX ғасырдағы Ресей империясы және «Кеңес мемлекетінің тарихы» оқу құралын, «Кеңес Одағының тарихы» атты монографиясын және Ригадағы Еуроодақ баспасында «Ғылыми мақалалар жинағын» басып шығарды. Профессор Б.Адамбектің Мәскеу, Ленинград, Рига, Алматы, Қарағанды және т.б. қалаларда 115 ғылыми еңбегі жарық көрді.

Елу жылдан астам уақытта ұстаз Бітімбек Көпбайұлынан мыңдаған жастар білім алып, жоғары білімді мамандар болып, әр түрлі саладағы қызметкер болды. Солардың ішінде, Мәскеу университетінің кафедра меңгерушісі Жібек Сыздықова, Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов, академик Сатай Сыздықов, мемлекет қайраткері Ермұхамбет Ертісбаев, ғылыми институттың директоры Саттар Мажитов, қазіргі тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков, кафедра меңгерушілер – Бибігүл Досова, Минара Амрина, Қанат Бөдеев, белгілі ғалым-тарихшылар – Жамбыл Артықбаев, Валерия Козина, Рымбек Жұмашев, Қанат Өскембаев, Салават Кентбек, Гүлнара Смағұлова, Бақытгүл Төлеуова, Михаил Шлюпиков, Темірғали Аршабеков, Игорь Кукушкин, Мәулен Жакин, Жарас Кенжеғали, Серік Стамбулов, Нұртас Смағұлов және тағы басқаларын атауға болады.

Көп жылғы ғылыми ұстаздық қызметі үшін Бітімбек Көпбайұлы университеттің, облыстың және республиканың Құрмет грамоталарымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. Сонымен қатар, Қарағанды университетінің «Еңбек сіңірген қызметкері» дәрежесі де берілген.

Соңғы 20 жыл Бітімбек Көпбайұлы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Бүкіләлем тарихы және халықаралық қатынастар» кафедрасының профессоры қызметін ойдағыдай атқарып келеді. Университет ұжымының құрметіне ие болған қадірлі профессор Бітімбек Көпбайұлы өзінің ғылыми-ұстаздық жұмысын әлі де жалғастырып жатқанын атап кету керек.

Бітімбек Көпбайұлының өнегелі өмір жолы ғылымға деген адалдағының, ұстаздыққа сүйіспеншіліктің үлгісі екені сөзсіз.

Жамбыл ЖҰМАБЕКОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
тарих факультетінің деканы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button