Руханият

Ұстазға құрмет – ұрпаққа міндет

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұжымы бір кездері осы оқу орнында көп жылдар ұстаздық еткен, қазіргі күні көздері жоқ педагогтарды есте қалдыру мақсатында айтулы шараны жүзеге асырды.

 

Осындағы халық аспаптары бөлімінде көп жылдар бойы талантты еңбегімен танылған дарын иелері, қазақ халқының музыка өнері мен мәдениетін көтеруге атсалысқан, оқу орнының дамуына елеулі үлес қосқан Төкен Тоқтаров, Мұхит Айтқа­лиев, Василий Холопайнен, Жәнібек Ермусин, Евгений Чупров, Геннадий Зонов, Иван Манузин, Виктор Чекунов, Сайлау Нокин, Қайыр Мерембаев, Шалғымбай Төлеубаев, Мұрат Хайруллин, Балтабай Шахарбаев, Рысхан Ысқақов, Иван Виндгольц, Жаһанша Сайфуллин, Александр Зацепиловтың аттары жазылған тақта Костенко көшесі, №4 үйде орналасқан колледж жатақханасының қабырғасына орнатылды. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына жұртшылық өкілдері және аттары жазылғандардың жақындары мен туыстары жиналды.

Қарағанды музыкалық училищесі 1952 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әуелде фортепиано, хор дирижері, вокальдық бөлімдері, домбыра және үрмелі аспаптар бөлімдері жұмыс істеген. Одан соң халық аспаптары бөлімінде баян класы ашылады. Тұңғыш директор Төкен Тоқтаров болды. 1957 жылы Құрманғазы консерваториясын қобыз класы бойынша бітіріп келген соң қобыз класын ашты. Алғашқы ұстаздардың бірі сол консерваторияның түлегі Мұхит Айтқалиев болды. Ол домбыра класына сабақ жүргізді. Сол оқу орнының домбыра класын бітірген тағы бір ұстаз – Қайыр Мерембаев. Ол өнер колледжінде 35 жыл қызмет атқарып, көптеген мамандар даярлап шығарды. Шәкірттері талай конурстардың лауреаттары болды, көпшілігі консерватория мен басқа да өнер оқу орындарында қызмет атқарды. Музыка мектебінің 1-5 сынып оқушылары үшін «Домбырашылардың педагогикалық репертуары» атты еңбек жазды. Сондай тағы бір ұзақ еңбек еткен, көптеген шәкірттер даярлаған, ол шәкірттерінің көпшілігі конкурстарда лауреат болған, елге танымал қобызшы-ұстаз Сайлау Нокин еді. Мұрат Хайруллин де Алматыда бітірген. Сол оқу орнында қалып, халық аспаптары бөлімінде ұстаздық қызмет атқарған. Құрманғазы оркестрі құрамында өнер көрсеткен. Осында ауысып келіп, әуелі Қарағанды музыка училищесінде еңбек етті, одан соң Саран музыка мектебінде, Қарағанды мен Теміртау музыка училищелерінде директор болды. Баян сыныбы бойынша сабақ жүргізіп, 1979 жылға дейін қызмет атқарған Мәскеудің Гнесин атындағы өнер институтының түлегі Евгений Чупров еді. Василий Холопайнен болса, осы училищені бітіріп, осында ұстаздық қызметте қалады. Кейіннен Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, домбыра, баян, қобыз аспаптары бөлімінің меңгерушісі болады. Міне, тақтаға осы сияқты еңбектері елеулі педагогтардың аттары жазылды.

Бұл күнде 70 жылдық тарихы бар музыка училищесінде, қазіргі Тәттімбет атындағы өнер колледжінде осындай айтулы өнер шеберлері ұстаздық еткен еді. Оларды құрмет тұтып, есімін есте қалдыру мақсатында тақта орнату зор адамгершілік, игі қасиет екені сөзсіз.

Тақтаның ашылу салтанатында сөйлеген Қуаныш Бектұрсынов, Гүлім Әбдіхалықова, Роза Бимендина, Елена Холопайнена, Бағдат Нокина естеліктер айтып, осы шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған, осы колледждің бұрынғы қызметкері, қазір Тәттімбет атындағы филармония музейінің директоры Тұңғышбай Игенбаевқа, колледж ұжымына зор алғыс­тарын білдірді.

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры Бауыржан Ермұхамбетов сөз алып, тақтаның бұл үйге орнатылу себебі – бұл үй өнер колледжінің жатақханасы, осы кісілер еңбек еткен кезде де училище жатақханасы болған. Сол кезде осындағы бірінші қабаттағы сыныптарда осы ұстаздар сабақ жүргізгендігін айтты.

– Бұл тақтаны қойғанда осы кісілердің аттарын келешек ұрпақ ұмытпасын дегенді мақсат еттік. Кезінде училищеде талай марқасқа азаматтар еңбек етті. Оқу орнында солардың ізі қалды. Олардың даярлаған шәкірттері қазір кең байтақ еліміздің түпкір-түпкірінде, тіпті, алыс-жақын шет­елдерде еңбек етіп жатыр. Бұл күнде училищенің халық аспаптары бөлімін бітірген түлектерінің өзі екі мыңнан асады. Қазір бұл бөлімде 69 шәкірт оқып жатыр. Оларға 23 ұстаз білім беріп, өнерін шыңдауда. Алдағы уақытта осы кісілерді ұмытпай есімізде сақтап, олардың салып кеткен жолын әрі қарай жалғастыра беретін боламыз, – деп толғанды Бауыржан Ермұхамбетұлы.

Жиналған жұртшылық алдында колледждің оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, ризашылыққа бөленді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Back to top button