АймақБалқаш

Балқашта көрнекті тұлға Қанапия Бишкеновтің есімі ұлықталды

Балқаш қаласындағы Ә.Мусин атындағы гуманитарлы-техникалық колледжде елге еңбегі сіңген ұстаз, білікті басшы, көрнекті тұлға Қанапия Бишкеновтің туғанына 84 жыл толуына орай тағылымды әрі мәні терең рухани іс-шара өтті. Осы айтулы дата аясында колледж қабырғасында ­Қанапия Байқасымұлының атында арнайы кабинет салтанатты түрде ашылды.

Сурет автордан

Бірегей тұлғалардың бірі – Қанапия Байқасымұлының есімі тек Балқаш өңірінде ғана емес, облыс, республика көлемінде де зор құрметпен аталады. Жоғары эрудициясы, терең білімі, адамдармен тіл табыса білетін парасаты, шығармашылыққа жақын болмысы әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінен орын алды. Бұл туралы шара барысында ұстаздар ерекше тебіреніспен жеткізді. Қанапия Байқасымұлының өмір жолы мен қызметін арқау еткен бейнеролик ұсынылды. Көрсетілім барысында оның саналы ғұмыры, ұжыммен өткізген жарқын сәттері, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы көпшілік назарына ұсынылды.

Осы бір әсерлі сәтте Қанапия ағамыздың өмірлік серігі, аяулы жары Күләш апамыз жүрекжарды лебізін білдірді. Ана мейіріміне, жар сабырына толы сөздер жиналған жұртты ерекше толқытты. Шара барысында әуезді әндер шырқалып, кештің рухани мәнін арттыра түсті. Жиында Балқаш қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шолпан Нұрмаханқызы сөз алып, Қанапия Байқасымұлының адамгершілік болмысына, ұстаздық ұлылығына тоқталды.

– Ол талай жастың тағдырына бағыт-бағдар беріп, рухани тірек бола білді. Мұндай тұлғаларды ұмытпау – кейінгі буынның парызы, – деді ол.

Сонымен қатар, колледж директоры Ержан Мәлікұлы да сөз сөйлеп, өзі тәлім-тәрбие алған ұстазының есімін ұлықтау – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта Қанапия Байқасымұлы атында арнайы шәкіртақы тағайындау және мемориалдық тақта орнату жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Қанапия Байқасымұлы менің ұстазым еді. Ол – талантты басшы, іскер ұйымдастырушы, Ә.Мусин атындағы колледжді ұзақ жылдар бойы басқарып, оқу орнының материалдық-техникалық базасының нығаюына, өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатуына өлшеусіз үлес қосқан Қазақстан Республикасы орта кәсіптік білім берудің құрметті қызметкері. Біз осындай тұлғаларымызбен мақтанамыз. Жаңа ашылған кабинет – тек бір тұлғаның есімін ұлықтау ғана емес, өткенге тағзым, келешекке аманат. Ол білім мен руханияттың алтын ұясына айналып, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тағылымды орталық болмақ. Қанапия ағаның есімі енді талай жасқа шабыт сыйлап, адал еңбекке, биік адамгершілікке жетелей берері сөзсіз, – деді Ержан Мәлікұлы.

Салтанатты рәсім барысында арнайы ашылған кабинет көпшілікке таныстырылды. Кабинетте өндіріс саласына бағытталған жастарға қажетті заманауи құрал-жабдықтар қойылған. Сондай-ақ, екі арнайы бұрыш жасақталған: бірінде Қанапия Байқасымұлының алған медальдары мен жеткен жетістіктері қойылса, екінші бұрышта әр жылдары алған марапат қағаздары мен Алғыс хаттары жинақталған.

Игі шараға Қанапия Байқасымұлының достары, құрдастары және қызы, күйеу баласы мен немерелері де қатысып, әулет атынан ризашылықтарын білдірді. Ұстаздың өнегелі өмірі мен жарқын бейнесі ұрпағы арқылы жалғасып келе жатқаны көпшілікті қуантты.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button