Статистика саласының 105 жылдығы аталып өтті
1920 жылғы 8 қараша Қазақ АКСР-інің статистика қызметі құрылып, ұлттық статистиканың іргетасы қаланған болатын. Содан бері статистика саласы елдің даму жылнамасымен біте қайнасып, экономикалық өсім мен әлеуметтік өзгерістің айқын айнасына айналды. Осы мерекеге орай Қарағандыдағы Amanat партиясының облыстық филиалында салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, бірқатар сала мамандарына марапат тапсырды.

Ермағанбет Қабдулаұлы өз сөзінде саланың жетістіктері мен табысы жайында сөз қозғап, өмірін осы салаға арнаған жандардың еңбегін баса айтты.

– Қазіргі заманды статистикалық ақпаратсыз елестету мүмкін емес. Соңғы жылдары заңнамалық база жаңартылып, статистикалық өндіріс толық цифрландырылып, заманауи талаптарға сай модернизацияланды. Қазіргі ақпараттық технологияларды қолданудың арқасында статистика бұрынғыдан да ашық, түсінікті, жедел және пайдаланушыға ыңғайлы бола түсті. 2025 жылы өткен екінші Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын ерекше атап өткен жөн. Санақ барысында Қарағанды облысы мен еліміздің ауыл шаруашылығын бағалауға қажетті өзекті деректер алынды, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Қазақстанның стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Сауле Комутова да мерекелік жиында сөз алып, сала мамандарына жылы лебізін білдірді.

– Бүгінде Қазақстан статистикасы заман талабына сай нық қадаммен алға ілгерілеп келеді. Заманауи ІТ-шешімдердің енгізілуі, интерактивті платформалардың дамуы, ақпаратты жинау мен талдаудың жетілдірілген әдістері статистиканы қоғам үшін қолжетімді әрі ашық етті. Ал, мемлекет үшін стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешімдер қабылдауға қажетті сапалы әрі сенімді құралға айналдырды. Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың, бизнестің және халықаралық әріптестердің ресми статистикалық ақпаратқа деген сенімін нығайтуға ықпал етуде. Мамандардың қажырлы еңбегі мен кәсібилігі – статистика жүйесін үлкен жетістіктерге жеткізді. Осы саланың ардагерлеріне ерекше алғыс білдіреміз, – деді Сауле Амантайқызы.
Жиын барысында өңір басшысы облыстың ауыл шаруашылығы статистикасы басқармасының басшысы, статистика департаментінің өкілі Лариса Эмға «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Сонымен қатар, осы салаға еңбегі сіңген бірқатар сала маманына «Статистика үздігі» төсбелгісін табыстады.
Лариса Владимировна бұл салада абыройлы еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдан асқан. Университетті тәмамдаған сәттен статистика саласына қадам басып, күні бүгінге дейін жемісті еңбек етіп келеді. Еңбек жолын қарапайым сала маманынан бастап, басқарма басшысына дейін көтерілген. Бүгінде өз ісінің маманы, әрі білікті басшы.
– Өңірде ауыл шаруашылығы басқармасына жүктелген міндеттің салмағы орасан. Себебі, ауыл шаруашылығы өңір үшін маңдайалды салалардың бірі. Ал, осы тұрғыда сол саланың мамандарының әр жұмыс күні статистикамен байланысты. Жалпы алғанда, бұл саладағы жұмыстардың негізгі бөлігі – статистика мамандарының иығында. Бұл салада жеңіл іс жоқ. Төзімділікті, терең білім мен жоғары біліктілікті талап етеді. Ең бастысы – жауапкершілік. Себебі, әр істің өзіне тән күрделілігі, өзіне тән салмағы болады. Бүгінде сала қызметкерлері – өз ісінің нағыз майталмандары. Осындай кәсіби мамандарымыздың арқасында ортақ ісіміз алға басуда, – деді ол.
Бұдан кейін департамент басшысы бірқатар сала маманына «Статистика үздігі» төсбелгісін табыстады. Атап айтсақ, облыстың ауыл шаруашылығы статистикасы басқармасының бас маманы Ирина Дамм, Нұра ауданы статистикасы басқармасының бас маманы Виктория Белякова, департаменттің респонденттермен және әкімшілік дереккөздерімен жұмыс жүргізуді бақылау басқармасының жетекші маманы Валентина Авязова, Саран қаласының статистика басқармасының басшысы Ақерке Алдажұманова сала үздігі атанды.
Сонымен қатар, салада табанды еңбек еткен бірқатар қызметкерлердің еңбегі бағаланып, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, AMANAT партиясы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының Алғыс хаты да табысталды. Бұдан бөлек, Ұлттық статистика бюросының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты да өз иелерін тапты.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



