Жаңалықтар

Стартаптарға қолдау бар

Былтыр «Террикон алқабы» стартап экожүйесі Terricon Venture бөлімін құрды. Аталған бөлім стартаптарға инвестиция салу және аймақтағы инновацияларды қолдау үшін жеке венчурлық қор құруды көздейді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Симбиоз нәтижесінде жеке инвесторларға қосымша табыс пен іскерлік байланыстар алуға мүмкіндік туса, стартап иелері қаржыландыру мен сараптамалық қолдауға қол жеткізеді.

– Terricon Venture бөлімі бизнес иелеріне венчурлық инвестициялау негіздерін меңгеруге, бірлескен инвестициялар арқылы тәуекелдерді азайтуға және технологиялық шешімдерді дамытуға үлес қосатын шараларды ұйымдастырады. Мұнда стартаптар материалдық ресурстарға ғана емес, тәжірибелі кәсіпкерлердің құзыретіне де қол жеткізеді, – деп атап өтті «Террикон алқабы» СЕО Сабыр Ниязов.

Кейінгі төрт айда Terricon Venture командасы екі бизнес-қамқоршысы мектебін өткізіп, онда венчурлық бизнестің елге белгілі сарапшылары және арнайы шақырылған спикерлер бас қосты. Кәсіпкерлер үшін республиканың жетекші бизнес-қамқоршыларымен және инвесторларымен кездесулер ұйымдастырылды. Табысты стартаптардың негізін қалаушылар стартап иелеріне бизнес құру бағытында тәжірибесімен бөлісті.

Бұл жобаны дамытудағы маңызды қадам «Террикон алқабы» акселерациялық бағдарламасынан өткен болашағы бар төрт стартапқа бизнес-қамқоршыларымен бірлесіп инвестициялау болғанын айту керек. Олар – 22AI, Zantech, Renda және Тeleport 3D.

– Былтыр маусым айында «Акселератор» бағдарламасының жаңа кезеңдері іске қосылған сәттен бастап, бизнес-қамқоршылармен бірлесіп, төрт стартапқа 50 млн теңгеден астам қаржы салдық. Одан бөлек, бірнеше жобаны дамытуға гранттар бердік. Бұл – бастамасы ғана. Десе де, қазірдің өзінде бизнес-қамқоршылары мен стартаптардың әлеуетін біріктіру айтарлықтай нәтиже беретініне көз жеткіздік, – дейді Terricon Venture бөлімінің басшысы Мария Жиркова.

Енді, Terricon Venture бөлімі бизнес-қамқоршылар клубының ресми ашылуын жоспарлап отыр. Бұл шара тәжірибе алмасу, әлеуетті стартаптарды іздеу және технологиялық-инновациялық жобаларға қатысуға мүдделі кәсіпкерлерді қолдау алаңына айналмақ.

– Сіз жақсы идеяңызды қалай жүзеге асыруды білмесеңіз, Террикон алқабының бизнес бағдарламаларына келіңіз. Үздік сарапшылар сізге табыс тауып қана қоймай, қоғамға пайда әкелетін өнім жасауға қол ұшын береді, – дейді Zantech платформасының негізін қалаушы Сәуле Құсайынова.

Кәсібін жаңа бастаған қарағандылықтар аталған жобаға қызығушылық танытып отырғанын атап өткен жөн.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button