Бас тақырып

Сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік бар

Ішкі істер органдары азаматтардың жеке өміріне қол сұғу жағдайлары орын алған жағдайда олардың қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қорғалатынын мәлімдеді. Адамды қудалау, үздіксіз мазалау немесе бақылау заңға қайшы әрекет болып есептеледі.

Сурет polisia.kz

Белгісіз не таныс тұлғаның қайта-қайта хабарласуы, хабарлама жолдауы, әлеуметтік желілер арқылы аңдуы, сондай-ақ адамның еркінен тыс ізіне түсуі сталкинг болып табылады. Мұндай әрекеттер тұлғаның тыныштығына нұқсан келтіріп, психологиялық ахуалына елеулі зиян келтіруі мүмкін.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңнамасында сталкинг үшін нақты жауапкершілік белгіленген. Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, құқық бұзған тұлғалар 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, 200 сағатқа дейін қоғамдық пайдалы еңбекке тарту немесе 50 тәулікке дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еліміздің Конституциясы әр азаматтың жеке кеңістігін қорғауға және қауіпсіз өмір сүруге кепілдік береді. Сондықтан заң талаптарын бұзу жазасыз қалмайды. Өзге адамның қарсылық білдіруін, яғни «жоқ» деген ұстанымын қабылдау – міндет.

Егер өзіңізге немесе жақын адамдарыңызға қатысты жүйелі қудалау, аңду немесе мазалау жағдайлары байқалса, дереу құқық қорғау органдарына жүгініп, 102 нөміріне хабарласыңыз.

Арайлым КӘРІҒҰЛ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button