Сталинградта көше бар “Қазақ” деген
Қазақтың кең байтақ даласынан майданға 1 млн. 250 мың адам шақырылды. Содан 20-дан астам әскери құрама құрылды. Қазақстандық әскери құрамалар жұмысшылардан (40 пайыз), шаруалардан (50 пайыз) және зиялылардан (10 пайыз) жасақталды. Қазақстандық әскери құрамалар мен бөлімдер Ұлы Отан соғысы майдандарында ерлік көрсетті. 4 айға созылған Мәскеу шайқасында қазақстандықтар табандылықпен соғысты. Солардың ішінде 321, 316, 391, 387, 238 атқыштар дивизиялары, 74, 75 теңізшілер және 100, 101, 151 ұлттық атқыштар бригадалары болды. Бұл дивизия мен бригадалар Мәскеуді қорғаудағы ерліктері арқылы тарих беттеріне өздерінің өшпес есімдерін жазды. Соның ішінде, 316-атқыштар дивизиясын ерекше атауға болады.
316-атқыштар дивизиясы Мәскеуді қорғаған 16-армияның құрамында болып, 44 шақырымдық қорғаныс шебін табандылықпен қорғады. 1941 жылы қарашаның 15-де Дубосеково түбінде 28 жауынгер-панфиловшылар саяси жетекші В.Клочковтың басқаруымен немістердің 50 танкісіне қарсы тұрып, оларды өз шептеріне өткізбей, көпшілігі қаза тапты. В.Клочковтың «Ресей ұлан-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ. Артымызда Мәскеу!» деп жігер берген сөзі тарихта қалды. Олардың барлығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Аты аңызға айналған өжет офицер, батальон командирі Бауыржан Момышұлының есімі де осы шайқаста шықты. Бауыржан Момышұлы полк командирі болып, соғысты дивизия командирі шенімен аяқтады. Оған тек қайтыс болғаннан кейін ғана, 1990 жылы 11 желтоқсанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Мәскеу түбінде болған шайқаста генерал И.Панфилов басқаратын 316-атқыштар дивизиясы асқан ерлік көрсеткені үшін 1941 жылы 17 қарашада 8-ші гвардия дивизиясы болып аталынды. Дивизия «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1941 жылы 18 қарашада И.Панфилов қаза тапты. Дивизияға И.Панфилов есімі, ал оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 8-ші гвардия дивизиясы Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерлігі үшін 3 орденге ие болды. Дивизияның 34 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағын алып, 17 769 жауынгер ордендермен, медальдермен марапатталды.
Мәскеу түбіндегі шайқасқа 238ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері де қатысты. Осы дивизияның құрамында халық батыры Амангелді Имановтың баласы Рамазан Амангелдиев те болып, ерлікпен қаза табады.
Калинин майданында 100-ші ұлттық дербес атқыштар бригадасы соғыс қимылдарын жүргізді. Бригаданың құрамында пулеметші Мәншүк Мәметова Невель қаласы үшін болған ұрыста фашистің 70-тен аса солдаты мен офицерін жойып, шабуылға шыққан әскерге жол ашты. Сол ұрыста өзі де қаза тапты. Осы ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мәскеуді қорғауда қазақстандық әскери құрамалардың қосқан үлесі өте зор болды.
Харьков пен Қырымда жеңіске жету арқылы неміс әскери басшылығы Мәскеу үшін шайқастағы жеңілісі мен қол үзген стратегиялық бастамасын қайтарды да, Кавказ бен Сталинградқа шабуылға шықты. Айтарлықтай шығынға ұшырағанына қарамастан, 1942 жылдың тамызында жау Сталинград түбіне келді. Бірақ, Сталинградты ала алмады. 1942 жылдың тамыз айынан Сталинградты ерлікпен қорғау басталды. Сталинград шайқасы алты айдан астам уақытқа созылды.
Кеңес әскерлері шегіне-шегіне Еділге жетті. Осындай жағдайда армиядағы тәртіпті нығайту үшін Қорғаныс Халық Комиссариатының 1942 жылғы шілдеде №227 бұйрығы шықты. Оның мәнін мына «Бір қадам да шегінбеу» («Ни шагу назад») деген үш сөзі жеткізді. Сонымен, Сталинград түбінде қиян-кескі шайқас басталды.
Сталинград операциясының қорғаныс және шабуыл шайқастарына Қазақстанда құрылған 27, 72, 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары, 292-ші және 387-ші атқыштар дивизиялары, 81-ші атты әскер дивизиясы, 74-ші теңіз атқыштар бригадасы, 152ші атқыштар бригадасы, 129-шы миномет полкі мен 156-шы дербес құрылыс батальоны қатысты. Осы жерде айта кету керек, Сталинградты қорғап жатқан 62-ші армияның қатарында 5 186 қазақ болды.
1942 жылы қыркүйек айында неміс-фашист әскерлері Сталинградты басып алуға екінші рет әрекет жасады. 13 қыркүйекте шайқас қала ішінде жалғасты. Алайда, дұшпан қаланы басып ала алмады. Еділ бойын қорғаушылардың айбынды қимылдары жаудың жоспарын күйретті. Батыр қаланың солтүстік-батысында 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының бөлімшелері қиян-кескі ұрыстар жүргізді. Олармен көршілес 292-ші атқыштар дивизиясының (бұрынғы 74-ші теңіз атқыштар бригадасы) полктері шайқасты. Ұрыстың алғашқы күндерінен 64-ші армияның құрамындағы 29-шы және 38-ші атқыштар дивизиясы Сталинградтың оңтүстік кіреберісін табандылықпен қорғады. Астраханьға шығатын жолды 28-ші армия әскерлері, солардың іщінде, қазақстандық 152-ші атқыштар бригадасы және 81-ші атты әскер, 387ші атқыштар дивизиялары берік қорғап тұрды.
1942 жылы 19 қарашада Кеңес әскерлері шабуылға шықты. 23 қарашада Кеңес әскерлері неміс-фашист армияларын Калач қаласы маңында болаттай берік қоршауға алды. Осы шабуылға шыққан Кеңес әскерлерінің құрамында қазақстандық 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы (командирі – Ғани Сафиуллин) ерлікпен соғысты. Дивизия жауынгерлері 150 шақырым алға шығып, жаудың 29 танкісін, 5 000 астам солдаты мен офицерін жойып, 1 900-ін тұтқынға алды. 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына шайқаста көрсеткен табандылығы мен ерлігі үшін Сталинград қаласының тұрғындарының сұрауы бойынша «Сталинград дивизиясы» деген құрметті атақ берілді.
29-шы атқыштар дивизиясының 7-ші ротасында жауынгерлер құрамының көпшілігі қазақтар болатын. Сталинград көшелерінде ерлікпен шайқас жүргізіп, басым бөлігі қаза тапты. Олардың құрметіне Сталинградтың бір көшесі «Қазақ» деп аталды. Осы дивизияның 2 882 адамы ордендермен және медальдармен наградталды. Сталинград үшін болған шайқаста қарағандылық ұшқыш Нұркен Әбдіровке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сталинград шайқасындағы жеңіс Ұлы Отан соғысының барысындағы түбегейлі бетбұрыс болды.
Гитлер бастаған неміс-фашистік әскери басшылығы Орел, Курск, Белгород маңында Кеңес әскерлерін қоршап алып, жоюды мақсат етіп қойды. 1943 жылы 5 шілдеде неміс-фашист әскерлері Курск түбінде шабуылға шықты. Курск түбіндегі шайқаста қазақстандық әскери құрамалар таймас табандылық, қайтпас қаһармандық танытты. Қазақстандық 73-ші гвардиялық дивизияның жауынгерлері Белгород маңындағы қорғаныс ұрыстарында ерекше ерлік көрсетті. Капитан А.Бельгин басқарған 3-батальон бұрын-соңды болып көрмеген батырлық, табандылық көрсетті. Батальоннық қорғаныс шебіне қарай жаудың 100 шақты танкісі мен көптеген жаяу әскерлері ұмтылды. Оқпен, металмен жалындап күйіп тұрған траншеяларда қазақстандық жауынгерлер қаһармандықпен шайқасты. Фашист танкілерімен шайқас бірнеше күндерге созылды. Бірақ, гвардияшылар өз шебінен бір қадам шегінбей, 28 батыр панфиловшылардың ерлігін қайталады. Ал, батальон командирі А.Бельгинге, рота командирі И.Ильясовқа, байланысшы С.Зоринге және қатардағы жауынгер Ж.Абдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 4 136 гвардияшылар ордендер және медальдермен наградталды. Дивизияның 27 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Қызыл Армия жауынгерлері 1943 жылы шілденің 12-нде қарсы шабуылға шықты. 1943 жылы 5 тамызда сұрапыл ұрыстардан кейін, Кеңес әскерлері Орел-Белгород, 11 тамызда Курск, 23 тамызда Харьков қалаларын азат етті. Осы қалаларды азат етуде қазақстандық 27-ші, 72-ші, 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары мен 8-ші, 387-ші атқыштар дивизиялары белсене қатысты. Жоғарыда аталған қалаларды азат еткен қаһарман жауынгерлердің құрметіне соғыс кезінде бұрын-соңды болмаған жағдай – Мәскеу алғаш рет зеңбіректерден тамыздың 5, 11, 23 күндері 30 дүркіннен салют берді. Мәскеуде салюттердің берілуі Курск доғасындағы Қызыл армияның жеңісінің маңыздылығын дәлелдеді. Бұл жеңістерге қазақстандық жауынгерлердің қосқан үлесі өте зор болды.
900 күн мен түнді қоршауда өткізген ленинградтықтардың табандылығы мен ерлігі дүние жүзін таңқалдырды. Зеңбірек оғынан, аспаннан түскен бомбалардан, ауру мен аштықтан 1 миллионнан астам адам қаза тапты. Алайда, фашистер Ленинградты ала алмады. Қоршауда қалғандар қатарында қазақстандық жауынгерлер де болды. Ленинград, Волхов және Карель майдандарының түрлі учаскілерінде Қазақстанда құрылған 310-шы атқыштар дивизиясы мен петропавлдық 314-ші атқыштар дивизиясы 3 жыл бойы жаумен шайқасты. 1941 жылдың күзінде олар Ладога көлі бойында бірден-бір сау қатынас жолын, ал қыста, атақты «Өмір жолын» қорғасты. 1942 жылдың күзінде аталған дивизиялардың батыл жауынгерлік қимылдарының нәтижесінде дұшпанның Ленинградқа қайта шабуыл жасау жоспары жүзеге аспай қалды. 310-шы атқыштар дивизиясы 1941 жылы тамыз айының аяғында Ленинград майданына келіп түсті. Дивизия командирі – полковник Н.Замировский. Келген бетте немістердің шабуылын тоқтату туралы бұйрық алды. Дивизия жауынгерлері бірден шабуылға шығып, үш күндік ауыр ұрыстардың нәтижесінде 10 шақырым алға жылжып, бірнеше мекендерді азат етті. Дивизия жауынгерлерінің қолына бірнеше танктер, автомашиналар, қару-жарақтар түсіп, ондаған неміс солдаттары мен офицерлері тұтқындалды. 1941 жылы 24 қыркүйекте Гайтолово поселкесін азат етті. 1941 жылы 19 қазанда дивизияға немістер орналасқан Гонтовая Липка мекенін алу туралы бұйрық келіп түсті. 21 қазанда дивизия жауынгерлері шабуылға шығып, аса қиын ұрыстардан кейін, 22 қазанда аталған мекенді алды.
1943 жылы 12 қаңтарда Ленинград пен Волхов майданының жауынгерлері неміс қоршауын бұзып өту үшін шабуылға көшті. Бұл соғыс қимылдары 7 күнге созылды. 2- екпінді армияның оң қанатында болған 314ші атқыштар дивизиясы белсенді ұрыс қимылдарын жүргізді.
Прибалтика майданында қазақстандық 8, 30, 391-ші атқыштар дивизиялары ойдағыдай шайқас жүргізді. Соғыстың соңғы кезеңінде де қазақстандық әскери құрамалар Шығыс Еуропа халықтарын азат етуге қатысты. Олар – 8, 27, 150, 314, 391ші атқыштар дивизиялары еді. Осы халықтарды азат етуде көрсеткен ерліктері үшін қазақстандықтар П.Исаков, А.Сухамбаев, С.Ахмеличкин, Ы.Ыбыраев, С.Нұрмағамбетов, И.Громов, В.Бунтовских, Г.Иванов, М.Харин, Х.Кобиков, В.Кречетов және тағы басқалары Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Берлинді алу шайқасына 27ші гвардиялық атқыштар дивизиясы қатысты. Осы дивизияның взвод командирі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Григорий Булатовпен бірге Рейхстаг қабырғасына алқызыл ту тікті. 1999 жылы Р.Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Кеңес Одағының Батыры атағы ұшқыштар – Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов және С.Луганскийге екі мәрте берілді.
Қазақстан жауынгерлерінің майдандағы ерлігі халықаралық құрметті иеленді. Ағылшын тарихшысы А.Верт «Қызыл Армияның табанды жауынгерлерінің бірі қазақтар болды, соғыстың барысында қазақтар өздерін ең жақсы жақтарынан көрсетті» – деп жазды.
Е.АДАМБЕКОВ, тарих ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» академиясының профессоры.
С.АДАМБЕКОВА, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің доценті.