Теміртау қаласының Металлургтер стадионында жуырда басталған ағымдағы жөндеу жұмыстары алдағы қыркүйек айының соңында аяқталып, оның сәні кіреді деп жоспарланған.
Бұл стадион 1978 жылы салынып бітіп, пайдалануға берілген еді. Сол күнгі ашылу рәсімінде Қарағанды металлургия комбинатының Домна пешінен арнайы жағылған олимпиадалық алауды теміртаулық атлеттердің эстафетамен жеткізгені де есімізде. Одан кейін де бұл жерде Теміртаудың «Болат» футбол командасының тартысты ойындарын сан мәрте тамашалағанбыз. Жалпы, 11754 адамға арналған спорт нысанында кәсіби, жастар спорт клубтары арасындағы Қазақстан чемпионаттары да талай рет өтіп жататын.
Мұнда футбол, волейбол, жаттығу алаңдары мен жүгіру жолдары бар. Салынғанына жарты ғасырдай уақыт болған оған күрделі жөндеу тек 2008 жылы ғана жасалып, содан бергі мезгілде көп нәрсенің тозығы жеткен-ді.
– Стадион бұрын облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасының бағынысында болатын. Енді ол біздің қаланың балансына беріліп, оны ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен 114 миллион теңге бөлініп, ол жұмыстарды орындайтын мердігер анықталды, – дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев.
Айтқандай, осы жұмыстарды жасауға тапсырыс беруші Теміртау қаласының «Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасы» КМҚК мен мердігер ұйым «Есім-Астана» ЖШС арасында жасалған келісімшартқа сәйкес жөндеу жұмыстары басталып та кетіпті. Құрылысшылар стадион аумағындағы қоқысты шығарып, енді оның тостағаны ішіндегі тартан, асфальт-бетон жабыны мен жиектастарын бөлшектеуді 90 пайыз тәмамдап, одан әрі жиектастарды орнату, тығыздағыш пен төсем қабаттарын төсеу, негізгі құрылғылары мен резеңке үгінділерінен құйылатын тартан жабынын ауыстыруға кіріспекші.
Сөйтіп, қыркүйектің соңында теміртаулықтар тағы да бір қуанышқа кенеліп, осында өтетін футбол ойындарын көріп, жүгіріп, жаттыға алатын болады.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz