«Спутник V» әлем елдеріне жол тартты
Қарағанды фармацевтикалық кешенінде Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Спутник V» вакцинасын өндіруді қолға алуды тапсырған. Кешен базасында кезең-кезеңімен 2 млн. доза вакцина өндірілмек. Жоспар бойынша ақпан айында барлығы 112 мың, ал наурызда 150 мың доза вакцина жеткізілетін болады. Ал, сәуір-маусым аралығында вакцина дозасы ай сайын 600 мың болады деп күтілуде. Ресей Федерациясымен жасалған келісім негізінде «Спутник V» вакцинасы арқылы әлем елдері екпе жасауға кірісті. Қысқаша шолып өтейік.
Дмитрий Медведев екпе салдырғанын айтты
Жақында Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын айтты.
«Мен екі ай бұрын ресейлік вакциналардың бірін салдырдым», – деді Д.Медведев ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында. Сондай-ақ, «Біздің барлық вакциналарымыз тиімді әрі қабілетті, бірақ біреуін таңдайтын болсаңыз дәрігермен кеңесуіңіз керек», – деді Д. Медведев.
Отбасымен бірге салауатты өмір салтын ұстанатын Ресейдің Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары әр адам денсаулығына байланысты не болып жатқанын түсіну үшін үнемі тексеріліп отыру керек екенін алға тартты.
Ұлыбританияда тәулігіне 600 мың адам егілді
«Ұлыбританияда COVID-19 вакцинациясының рекордтық тәуліктік саны 30 қаңтарда жасалды», – деп жазады The Sun газеті.
Өткен тәулікте британдықтар вакцинаның 598 389 дозасын алды. Англияда 600 мыңға жуық инъекцияның 549 943-і жасалды. Тағы 25 299 дозаны Уэльс тұрғындары және 23 055 дозаны Шотландия тұрғындары қабылдаған.
Бір апта бұрынғы көрсеткіштер мен салыстырғанда елде вирус жұғу жағдайының 19 пайызға төмендегені байқалған. Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкок BBC-ге берген сұхбатында: «Жазға дейін тұрғындардың басым көпшілігі вакциналанатынын» айтты. Бүгінгі таңда Ұлыбританияның 8 977 329 тұрғыны COVID-19 вакцинасының кем дегенде бір дозасын алды.
«Спутник V» – Чехияда
Чехия президенті Милош Земан Frekvence 1 радиосында Чехияда коронавирусқа қарсы ресейлік «V спутнигі» вакцинасын қолдану мүмкіндігі жөнінде айтты.
«Мен әрқашан сарапшылардың пікірлерін басшылыққа аламын. Мен (денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы) профессор Роман Примула «Спутник V» вакцинасын ұсынғанын білемін. Егер мамандар бұл өнімді бізде қолдануды шешсе, қарсылығым жоқ», – деді ол.
Хельсинкиде жаппай егу басталады
Ел астанасында 85 жастан асқан 14 мың адам тұрады. Осы аптада Pfizer-Biontech вакцинасымен алты мыңға жуық адамды вакциналау жоспарланған. Алайда, бұрын вакциналанған адамдар үшін 3500 доза екінші вакциналауға жіберіледі, ал қалған мөлшерін қарттар алады.
Елде қазіргі таңда вакцина егілу кезегінде вирус жұқтырған емделушілермен қатар жұмыс істейтін медицина қызметкерлері, сондайақ қарттар үйінің тұрғындары, қызметкерлері тұр.
– Хельсинкиде тоғыз мыңнан астам адам вакцина алды және олардың барлығы өздерін қалыпты сезінді. Вакцинадан кейін дене қызуы көтерілген жағдайлар бізге белгілі, бірақ бұл қауіпсіз және тиімді вакцина, – дейді елордалық емханалардың басшысы Тимо Луккаринен. Осы аптада Хельсинкиде 6000 адам вакцина алады, олардың кейбіреулері үшін бұл екінші вакцина болмақ.
Индонезияда вакцина – маңызды
«Индонезияның Сыртқы істер министрлігі Мемлекет Covax Facility коронавирусына қарсы вакцинаның қол жетімділігін қамтамасыз етудің халықаралық тетігі арқылы вакциналардың шығарылғандығын растады» деп мәлімдеді Sindonews.
Алдағы уақытта Индонезияда AstraZeneca вакцинасының 13,7ден 23,1 миллионға дейін дозасы болады деп күтілуде. Сыртқы істер министрлігінің мәліметтері бойынша вакцина екі кезеңмен жіберіледі.
Regnum агенттігі хабарлағандай, бұған дейін Индонезияның Сыртқы істер министрі коронавирустық вакцинаға тең қолжетімділік барлық елдердің алаңдаушылығын тудыратын маңызды мәселе екенін атап өткен.
«Спутник V» Алжирде өндірілуі мүмкін
Алжирге «Спутник V» COVID-19 вакцинасын өндірудің дайындық барысын бақылауға ресейлік мамандар бармақ. Бұл туралы Ресейдің Алжирдегі елшісі Игорь Беляев: «Ресейлік мамандар Алжирге фармацевтикалық кәсіпорындарды тексеру үшін келеді», – деп мәлімдеген болатын. Елші Алжирде ресейлік вакцинаны жасау үшін алты айдан тоғыз айға дейін уақыт кететінін айтты.
#ДеніСауҰрпақҮшін
Аяулым СОВЕТ.