Спортшыларға сый-құрмет
Мүгедектердің халықаралық күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВ мүмкіндігі шектеулі спортшылармен және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесті.
Бүгінгі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі 59 мың адам тұрып жатыр, олардың бар болғаны 2,5 мыңы ғана тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Осыған қарамастан, қарағандылық спортшылардың түрлі жарыстарда мерейі өсіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Сухорукованың айтуынша, осы жылы қарағандылық спортшылар 15 республикалық жарысқа қатысып, 125 медаль жеңіп алған. Ал, халықаралық дода 7 жарысқа қатысқан спортшылар 6 медальды қоржынға салған.
– Биылғы жылдың ең басты жетістігі – біздің спортшымыз Наталья Звянгинцеваның Рио-де-Жанейро қаласында өткен 15 Жазғы Паралимпиада Ойындарына қатысуы. Бұл додаға әлемнің 179 мемлекетінен 4350 мүгедек-спортшы қатысты. Қазақстанның атынан 11 спортшы қатысты. Наталья 100 метр қашықтықты арқамен жүріп өтуде 7 орынға табан тіреді. Медаль саны бойынша Қазақстан 58 орынға тұрақтады, – деп атап өтті Н.Сухорукова.
Паралимпиада ойындарындағы сәтті көрсеткіші үшін Н.Звягинцеваға 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Натальядан бөлек, әкімдік басшылығы таэквандо бойынша әлем чемпиондары – Аян Абраш пен Валентина Антоненкоға және Тынық мұхиттық Азия ойындарының жеңімпазы Виктор Фрундинге бағалы сыйлықтар табыстады.
Кездесу барысында билік органдарының араласуын талап ететін өзекті мәселелер де көтерілді. Бұл – спортшыларды көлікпен қамтамасыз ету және спорттық жабдықтардың қолжетімді болуына оң жағдай жасау, дәрігерлік-әлеуметтік мекемелерді спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету. Осындай мәселелерді тыңдаған әкімнің орынбасары әлеуметтік сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Сіздерді келе жатқан Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын. Облысымыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін Сіздерге алғыс айта отырып, зор денсаулық пен жеңіс тілеймін. Біз Сіздер үшін оңтайлы жағдай қалыптастыруға жұмыс істейміз, – деді Жандос Әбішев.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.