Спорт кешені чемпиондар ордасына айналуы мүмкін
Бұқар жырау ауданының Ғабиден Мұстафин ауылының тұрғындары дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды көптен бері сұрап келген. Ол өткен жылдың соңында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында ашылды.

Қазір ауылдағы күн сайынғы жаттығуларға жүзге тарта адам жиналады, тұрақты түрде жарыстар өткізіледі. ҚР спорт шебері, каратеден жаттықтырушы Ерназар Мәдікен дене шынықтыру-сауықтыру кешінінің салынуын асыға күткен.
– Дене шынықтыру-сауықтыру кешінінің салынуын күттік. Ашылғанына бәрі қуанды. Спорттық елді мекен болғандықтан, сабаққа басқа жақын ауылдардан келеді. Әр түрлі секциялар: каратэ, бокс, кикбоксинг, күрес, футбол, баскетбол, армрестлинг, ауыр атлетика бар. Жаттықтырушылар штаты жасақталған. Барлық сабақтар тегін, – дейді спорт орталығының жетекшісі Ерназар Мәдікен.
Кешенде балаларға барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде оқушылардың бірі, 13 жастағы Яна Ширяева Жапонияның астанасы Токиодағы каратеден әлем чемпионатына қатысуға дайындалуда.
Жаңа спорт кешені 320 орынға есептелген. Балалар мұнда спортпен ғана емес, шығармашылықпен де айналысады. Бірінші қабатта кең спорт залдары бар. Екінші қабаттағы үй-жайлар жергілікті балалар музыка мектебіне берілген.
Медбике Гүлнар Жұмабекова құрылысты жұмыстың басынан бастап бақылап келеді. Өзінің жаңа жұмыс орнын күтіп, халық бақылаушысы болды.
– Мен бұл ауылда 36 жыл жұмыс істеймін, Қарағандыдағы медициналық училищені бітіргеннен кейін келдім. Жаңа ғимаратқа көшуді асыға күтемін. Бірінші кезекте бұл біздің тұрғындарға қажетті көмекті сол жерде алуға мүмкіндік береді. Мұнда жиі келіп, құрылыс қалай жүріп жатқанын көремін. Жаңбырдан кейін де шатырдың ағып кетпейтінін байқаймын. Бәрі жақсы, құрылысшылар адал, – деп бөлісті медқызметкер.
Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұқар жырау ауданында қазір 138 спорт нысаны бар. Үш сауықтыру орталығы – Ботақара және Ғабиден Мұстафин ауылдарында, Қарақұдық ауылында орналасқан. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша тағы біреуі – Қушоқы ауылында салынуда.
Айта кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» басты мақсаты – ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға жеткізу. Жоба бойынша әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жақсартылып, жолдар ретке келтірілуде.
Ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Бұқар жырау ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 20 нысан жоспарланған: ФАП, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер. Олардың алтауы дайын.
Тұзды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуда. 600-ден астам адам тұратын елді мекен үшін бұл көптен күткен нысан. Қазір дәрігерлер пациенттерді бейімделген бөлмеде қабылдайды. Ал жақын арада кабинеттері кең жаңа ғимаратқа көшеді, онда бәрі де заманауи стандарттарға сай келеді.
Аяулым СОВЕТ
«Ortalyq Qazaqstan»