Нұра

Спорт керуені – Нұрада

Өткен аптада Қарағандыдан шыққан спорт керуені Нұра ауданында болып қайтты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде қолға алынған жоба облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.

 Бұл – спорт керуенінің үшінші сапары. Осыған дейін қатысушылар Осакаров және Қарқаралы аудандарының тұрғындарымен кездесіп қайтқан болатын. Онда аймағымыздың алдыңғы қатарлы спортшылары шеберлік сағаттарын өткізген еді.

Нұра ауданына сапар кезінде Шахтер, Кертінді ауылдары мен Нұра кентінде кездесулер өтті. Аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағында «Street Workout» жаңа спорт алаңы салтанатты түрде ашылды.

 – Біз Қазақстан қалалары мен ауылдарында воркаутпен айналысуға арналған алаңдар ашылып жатқанына қуаныштымыз. Нұра кентінің жастары да белсенді түрде осы жерде жаттығып, келешекте облыстық және республикалық сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетеді деп үміттенеміз, – деді «Street Workout» Қазақстан федерациясының төрағасы, әлем чемпионы Дияс Биджиев.

Құрметті қонақ аудан әкімдігінің өкілдеріне жаңа спорт нысанының сертификатын табыс етті. Жас нұралықтарға жаңа алаң қатты ұнады. Олар көп кідірместен өз күштерін даладағы гимнастикалық құрылғыларда сынап көрді.

Сапар барысында танымал спортшылар үстел теннисімен және волейболмен айналысатын балаларға арнап шеберлік сағаттарын өткізді. Кертінді ауылында қазақ күресі бойынша Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері – Бауыржан Хуанған мен Айбол Әбдікәрім жаттығулар өткізді. Олар жас палуандарға көптеген жаңа әдістер үйретті.

Тамаша, қажетті акция, – деп атап өтті Нұра ауданының БЖСМ директоры Игорь Пронин. – Осындай жаттығулар мен кездесулер балалар үшін қандай маңызды екенін білсеңіздер ғой. Мен өзім де күреспен айналысқанмын. Кезінде спортта пір тұтатын тұлғаларымды кездестіргенде қандай тамаша әсер алғанымды айтып жеткізе алмаймын. Ол балаларға ынта беріп, дамуға септігін тигізері анық. Ең бастысы – табысты спортшыларға қарап, балаларда өздеріне деген сенімділік, солар секілді биіктерге көтерілуге деген ынта арта түседі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button