Жаңалықтар

Спорт дамиды, туризм түлейді

Елімізде спорт және дене шынықтырумен жүйелі шұғылданатын азаматтардың саны 8,4 миллионға жетті. Ауылдық жерлерде 3,1 миллион адам спортпен шұғылданады. Ал, аймақта 442 мың адамға жеткен. Соның ішінде, балалар мен жасөспірімдердің саны 79 мыңнан асып жығылады. Осы және туризм, спорт және ойын бизнесі саласында жүргізіліп жатқан реформалар жайында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қарағанды жұртымен кездесуінде айтып берді. Әрі көпшіліктің сауалына жауап беріп, атқарылған жұмыстары жайында есеп берді.

Қарағанды спорты қайта жаңғырады

Бүгінде ауылдарда спорт инфрақұрылым санын арттыру мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Атап айтсақ, Қарақұдық (Бұқар жырау ауданы), Топар (Абай ауданы) және Сарышаған кентінде (Ақтоғай ауданы) жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілген. Енді өңірде жасанды жабыны бар 49 спорт алаңы және 11 көпфункционалды хоккей мұзайдыны салынады деп жоспарлануда. Министр өз сөзінде өңірде мәселелердің де жоқ емесін атап өтті.

– Қарағанды – елімізге әлемдік деңгейдегі чемпиондарды сыйлаған облыс. Облыс спортшылары Олимпия ойындарында 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған. Алайда, кейінгі екі Олимпиадада өңір спортшылары жүлдесіз қалды. Бұл спорт резервін даярлау жүйесінде олқылықтардың барын көрсетті. Биылғы Париж Олимпиадасына небәрі 3 лицензия иеленді. Бұл аймақтағы спорт жүйесін қайта қарастыру қажеттігін көрсетеді. Өздеріңіз білесіздер, қазір басқару вертикалін қалпына келтіру мақсатында өңірлік спорт басқармаларының басшылары министрлік жанынан құрылған комиссияның келісімімен бекітіледі. Комиссия шешімімен жаңадан дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы тағайындалды. Енді Қарағанды спортының даңқты дәстүрі қайта жаңғырады деген сенімдемін, – деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар, министр өңірдегі туризм мәселесіне де тоқталды. Былтырғы жылдың тоғыз айындағы деректерге сүйенсек, аймақта туристерге көрсетілген қызметтер көлемі 42%-ға артқан.

– Қазіргі таңда Балқаш қаласының қалалық жағалауы абаттандырылуда. Ал, Абай ауданындағы Шерубай-Нұра (Топар) су қоймасының жағалауын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Балқаш қаласы әуежайының перроны мен жермен жүру жолдарын қайта жаңарту жұмыстары басталды, – деп атап өтті.

Одан бөлек, заңсыз ойын бизнесі және лудоманиямен күрес бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Былтыр заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілген. Сол жоспарда ойын автоматтары мен лотерея терминалдарын әкелуді лицензиялау, заңсыз құмар ойындардың жарнамасын шектеу шаралары бекітілген. Әрі лудомандар мен олардың жақындарына онлайн-қолдау көрсету де назардан тыс қалмады. Министрдің сөзіне сүйенсек, осы бір кешенді жоспардың нәтижесінде құмар ойынға құныққандардың санын 350 мыңнан 200 мың адамға дейін азайту көзделген.

Талап-тілек ескерусіз қалмайды

Министр есеп беру кездесуінен кейін көпшіліктің сұрағына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Қарағандыда 2023 жылы дене шынықтыру және спорт ұйымдарымен тығыз жұмыс істейтін дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері ашылған еді. Мұнда жоғары санаттағы мамандар спортшыларды толық медициналық тексеруден өткізіп, жарысқа қатысу рұқсаты беріледі. Және сауықтыру шаралары да осында өтеді. Емхана басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жанат Молдақанова жалақының аздығын айтып, министрге ұсынысын жеткізді.

– Қазіргі таңда білікті медицина мамандарын жұмысқа тарту қиын. Оған себеп – жалақының аздығы. Соның салдарынан білікті мамандар толық емес жұмыс кестесімен істейді. Ал, спортшы денсаулығы – тікелей бізге қатысты. Сондықтан, Үкімет қаулысына сәйкес нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе дейміз. Яғни, біздің ұйымды үстемақы мен қосымша ақы төлеуге кіретін ұйымдардың тізіміне енгізуді сұраймыз, – деді ол.

Ал, облыстық жеңіл атлетика спорт мектебінің басшысы Нұрлан Түсіпов спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың еңбегі еленбей жатқандығын көтерді.

– Өңірде небір мықты жаттықтырушылар бар. Олар шәкіртін 18 жасқа дейін тәрбиелеп, жоғарғы спорт мектебіне береді. Ал, онда жүріп, спортшы байрақты бәсекелерден топ жарса, барлық мадақ-марапат кейінгі жаттықтырушысының есебіне жазылады. Ал, оны спортқа баулыған алғашқы жаттықтырушысы ескерусіз қалады. Жалпы, шәкіртін жоғарғы спорт мектебіне немесе интернатқа берген жаттықтырушыға қандай да бір төлемақы төленбейді. Осы тұрғыдан келгенде бізде жүйе жоқ, – деді ол.

Министр өз сөзінде спортты дамытуға қатысты қабылданатын заңнамаларда осы мәселелер қамтылғанын баса айтты. Елдегі дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлеріне баса назар аударылмақ. Медициналық құрылғылардың, спортшылар тұтынатын дәрумендер тұрақты қадағаланатын болды. Ал, жаттықтырушылардың мәселесі жаңа заң аясында қаралатынын жеткізді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button